Панфилов ауданының даму қарқыны соңғы жылдары уақытпен үндесіп, күн өткен сайын артып келеді. Оған өңірдегі инновациялық жаңа жобалардың жүзеге асуы, ауылшаруашылығының тың технологиялармен жабдықтауы, жаңа кәсіпорындардың көптеп ашылуы қарқын беруде. Соған сәйкес тұрғындардың әлеуметтік жағдайы да жақсара түсті, жаңа мектептер, медицина мекемелерінің ғимараттары салынып, Мәдениет үйлері жөнделе бастады.
Екі күндік жұмыс сапарымен өңірге келген облыс әкімі Амандық Баталов аудандағы сан салалы жұмыстармен жақын танысты. Алдымен ат басын «Көктал-Агро» ЖШС егінжайына бұрған облыс басшысы, жасыл теңіздей жер бетіне жайқалып өсіп шыққан жүгері алқабын көріп, қолданылған жаңа технологияның тиімділігін бағамдады.
Облыс әкіміне жүгерішілер жұмысын аудан әкімі Бердәулет Абдулдаев пен «Көктал-Агро» ЖШС төрағасы Ж. Оханов баяндады. Серіктестік биыл 273 гектар жерге жүгері өсірсе, соның 223 гектарына тамшылатып суару әдісін қолданыпты. Оның 90 гектары №1, 76 гектары №2 және 107 гектары №3 бригадаларға тиесілі. Тамшылатып суару әдісін жаз айларында су тапшылығы бар алқаптарда пайдалануға баса назар аударылған.
Өңірде ауылшаруашылық өндірістік кооперативтерін құру үрдісі етек алуда. Солардың бірі Көктал ауылдық округінің Аққұдық ауылындағы кәсіпкер Н. Қарабалаев құрған «Көктал» кооперативі. Ауыл іргесінен жер алып, Ресейден сүтті ірі қара малының тұқымын сатып әкеліп, сиыр фермасының негізін қалаған ұжым биыл алғаш бұзаулаған 20 құнажынды сауып, сүт өндіре бастамақшы. Осы ферма қақпасында облыс басшысына ауылшаруашылық өнімдерін өндіретін Шолақай ауылында құрылған «Абуов», Алтыүй ауылындағы «Ауғанбаев» өндірістік кооперативтерінің де жұмысы таныстырылды. Жаркент қаласының іргесінде ашылған тері өңдеп, қой жүнін жуатын жаңа зауыт жаңалығы да қызығушылық тудырды.
Бұдан кейін Амандық Ғаббасұлы «Алматы-Көкпек-Шонжы-Көктал-Қорғас» жолын күрделі жөндеу жұмыстарымен танысты. Жол-жөнекей күре жол бойындағы Көктал ауылының өкпе тұсындағы сол жағалауын қызыл су ескен өткелге арнайы тоқтап, жұмысын жаңа бастаған көпір құрылысының басшыларына бірқатар ескерту жасады. Жылда селден зардап шегетін өткелге биыл 82 метрлік жаңа үлкен көпір салынбақшы. Облыс басшысына Жаркент қаласының орталық «Жібек жолы» көшесінде жол құрылысының жалпы сипатын көз алдыға әкелетін тақта арқылы құрылыс қарқыны таныстырылды. Аудан орталығы мен бірнеше елді мекенді көктеп өтетін жол құрылысын сапалы жүргізу жауапты тұлғаларға тапсырылды. Әсіресе елді мекендердегі жаяу жүргіншілер өткелі мен автотұрақтардың, аялдамалардың құрылысының, көгалдандыру жұмыстарының талапқа сай атқарылуын қатаң бақылау аудан басшысына жүктелді. Жаркент қаласының орталық көшесіндегі жарық шамдарының темір бағаналарын биіктету мәселесі де айтылды. Сонымен қатар, облыс басшысына мемлекеттік «Нұрлы Жол», «Ақбұлақ», «Өңірлерді дамыту» бағдарламалары бойынша атқарылып жатқан істер де таныстырылды.
Күрделі жөндеуден өткізіліп жатқан аудандық аурухана ғимаратындағы жұмыс жайын облыс басшысына бас дәрігердің орынбасары Мұрат Мұхаметжанов баяндады. Ғимараттың хирургия бөлімінің жартысы мен жансақтау бөліміндегі құрылыс жұмыстары аяқталыпты. Алайда мұнда құрылысшылар тындыратын іс әлі көп. Құрылыс жұмыстарына бөлінген 291 миллион теңгені алған «Фирма «ЛАН» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өткен жылдың қазан айында басталған күрделі жөндеу жұмыстарын белгіленген мерзімде аяқтағаны абзал. Мердігерлермен әңгіме барысында Амандық Ғаббасұлы жөндеу жұмыстарының сапалы атқарылуына баса назар аударуды тапсырды. Жұмыстың аяқталған жерлеріндегі бояудың солғындығын, сапасыздығын көрсетті. Аурухана басшыларына халыққа медициналық қызмет көрсету сапасын жоғарылату, өз міндеттерін жауапкершілікпен адал атқару жүктеді.
Түстен кейін облыс басшысы Жаркент қаласының солтүстік шығысында салынған тұрмыстық қатты қалдықтарды өңдеу зауытын аралап көрді. Қытайлық жабдықтармен жарақтандырылған жаңа кәсіпорынның жергілікті халыққа тигізер пайдасы орасан мол. Ең әуелі әр отбасы өз үйінен шығарылған темір мен әйнектен басқа барлық күл-қоқысын осы кәсіпорынға ақылы негізде өткізеді. Бұл елді мекендер мен олардың маңын көз сүріндіретін қоқыс үйінділерінен арылтпақ. Зауыт директоры К. Ермұханбетовтың айтуынша кәсіпорын сол қалдықтардан өзге өндіріс орындарына өте қажет өнімдер шығарып саудалайды. Мысалы, Жаркентте жақында іске қосылған асфальт зауыты осы кәсіпорын өндіретін техникалық майға өте зәру екен.
Ал, Жаркент қаласындағы 300 орынды жаңа мектептің құрылысы толық аяқталып, алдағы оқу жылының басында пайдалануға берілмекші. Дегенмен, жаңа мектеп үйінің кейбір қабырғаларына сызат түсіп жарылғаны, жылу жүйесіндегі, айналасын абаттандырудағы және басқа да тұстарындағы кемшіліктер байқалып қалды. Облыс әкімі мердігер құрылыс ұйымының басшыларына осы кемшіліктерді талапқа сай жедел жөндеуді тапсырды.