Пятница, 22 ноября, 2024
No menu items!

Ақсу қант зауытында жөндеу жұмыстары басталды

Басқа ақпараттар

Алматы облысының əкімі Амандық Баталов Ақсу ауданына жұмыс сапарымен барып, Ақсу қант зауытын іске қосуға дайындық жұмыстарының барысымен танысып қайтты.

Алдымен Б. Сырттанов ауылындағы «Əлихан» шаруа қожалығының алқабында болып, көктемгі дала жұмыстарының атқарылу барысын көрді. Шаруашылық жетекшісі Берік Тынышбаевтың айтуынша,  иелігіндегі 280 гектар жердің өткен жылы 15 гектарына қант қызылшасын сеуіп, қызылша  өнімділігі əр гектарына 700 центнерге дейін жеткен, ал кіріс бір гектарына 450 мың теңгені құрады. Табыстың тиімділігі мен Ақсу қант зауытының биыл іске қосылатынына ынталанған шаруашылық биыл қант қызылшасы себілетін алқап көлемін 35 гектарға жеткізуді көздеп отыр. Облыс басшылығы алқап басына келгенде қызылша себу жұмыстары жүріп жатты. Төрт түрлі қызмет атқаратын, яғни топырақ үгетін, гербицид пен тұқым себетін, топырақтың бетін жабатын төрт техника сап түзеп дала төсінде тынымсыз жұмыс істеуде.

Аталмыш шаруа қожалығы мал жəне егін шаруашылығы үшін 3,5 млн. теңге көлемінде субсидия алған. Қожалық тұрақты 8 адамды, маусым кезінде 40 адамды жұмыспен қамтиды. Қызылшаның француздық «Ардан» тұқымымен толық қамтылып, енді өзінің техникасына қосымша ауданда құрылған сервистік-дайындау орталығының тұқым сепкіш техникасының да игілігін көріп отыр.

Жалпы, облыста бүгінгі күні 19 СДО құрылса, соның 9-ы қант қызылшасына лайықталған. Қант қызылшасының тұқым сепкеннен зауытқа тасымалдағанға дейінгі қажетті техникасының барлық түрімен қамтылған орталық шаруаларға үлкен жәрдемін тигізіп отыр. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы С. Бекішовтың айтуынша, бүгінге дейін СДО-ларды аудан бойынша құрса, енді әр ауылдық округтің қажеттілігі ескеріліп, округтер бойынша құруға қадамдар жасалуда.

Алқаптағы тәтті түбір себу ісінің барысымен, техниканың дайындығымен, жұмысшылардың жағдайымен танысқан облыс әкімі А. Баталов мемлекет тарапынан көрсетілетін көмектің арқасында нәтижелі жұмысты жалғастыруды тапсырды.

Облыс әкімі А. Баталов мұнан соң Ақсу қант зауытына келіп, кəсіпорынды аралады. Инвестор «Энергомост» консорциумының өкілдері кәсіпорынның құрылыс, энергетика, құрал-жабдық сияқты іргелі блоктарының жаңғыртылу жұмыстары туралы баяндады. Сонымен қатар қаржылық, ұйымдастырушылық және жобалық процестердің жүру барысы жайы да айтылды.

Жалпы зауытты іске қосудың бірінші кезегіне 8 млрд. теңге қажет болса, соның 2,7 млрд. теңгесін облыс «Жетісу» ӘКК арқылы бөлмек, ал қалған 6 млрд. теңге инвестицияны «Энергомост» консорциумы өзі құяды. Бірінші кезекте зауыттың бүгінге дейін бүтіндей сақталып келген барлық құрал-жабдықтары зерделеуден өткізіліп, қажетіне қарай жөнделіп, ауыстырылады. Зауыт алғаш ашылған 1968 жылдан бері кәсіпорынның кәнігі маманына айналған бас инженер Владимир Южковтың айтуынша, тот басып тозған, әрі физикалық жағынан да, моральдық жағынан да ескірген жылыту қазандықтарын, құбырлар мен барабанын ауыстыру қажет. Ал қажетке жарайтын құралдар тек жөндеуден өткізіледі. Бұл бағыттағы зерделеу жұмыстарын арнайы мамандар бастап та кеткен.

Зауыт жөндеу және жаңғырту жұмыстарына әзірге жергілікті 250 тұрғынды жұмысқа тартып отыр. Маусымдық кезең басталған шақта зауыттағы жұмысшылар саны 700-ге жететін болады.

Облыс басшысы осы орайда зауыттың мықты мамандарына арнап 20 пәтерлі үй салуды ұсынып, оның тиісті құжаттарын әзірлеп, күзде құрылысын бастауды аудан әкімі Ә. Далбағаевқа тапсырды.

Зауыт инвесторларына кәсіпорында ертеден еңбек етіп келе жатқан білікті мамандармен кеңесе отырып жұмыс істеуге кеңес берді. Сондай-ақ өңірдегі шаруа қожалықтарымен келісімшартқа отырып, өнім қабылдау кестесін де әзірлеп қою қажеттігін айтты. Зауыттың шикізат алғаны үшін шаруаларға төлейтін қаражаты, яғни өзінде артық қоры болуы керектігін де тілге тиек етті.

— Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес биылғы жылдың желтоқсанына Ақсу қант зауытын іске қосудың барлық алғышарттары жасалып, іске кірістік. Ең бастысы ирригациялық жүйені қалпына келтіруден бастап дайын өнімді өндіруге дейінгі тұқым алу, арзандатылған бағамен жанар-жағармай алу, техникамен қамту, қызылша себу мен оны күтіп-баптау, жинау мен зауытқа өткізу сияқты барлық процестерді бір арнаға түсірдік.  Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдаулар нәтижесінде қант қызылшасын себуге ниет білдіріп жатқан шаруашылықтар қатары артып келеді. Енді Ақсу қант зауытын іске қоссақ, бұл Ақсу, Алакөл, Сарқан аудандарының шаруашылықтары үшін және жергілікті тұрғындар үшін өзінің тиімділігін көрсететін болады, — деді А. Баталов.

Жалпы облыста биыл 9 мың гектарға қант қызылшасы егіліп, мамыр айының он бесіне дейін тәтті түбір себу жұмыстары аяқталады деп күтілуде.

- Advertisement -spot_img
- Advertisement -spot_img
Соңғы жарияланымдар

Kazakhstan Global Investment Roundtable: Қазақстан әлемдік БАҚ назарында

Туризм және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев Kazakhstan Global Investment Roundtable аясында ұйымдастырылған іс-шарада шетелдік БАҚ өкілдерімен кездесті. Бұл туралы...
- Advertisement -spot_img

Өзге жазбаларды оқи отырыңыз

- Advertisement -spot_img