Облыс әкімі Амандық Баталов Панфилов ауданына жасаған жұмыс сапары барысында «Қорғас» ХШЫО әкімшілік ғимаратында шекара маңы аумағында бірқатар маңызды жобаларды жүзеге асырып жатқан бас мердігерлермен және инвесторлармен жиын өткізді. Кездесуде «Қорғас» ХШЫО-ны дамыту тақырыбы сөз болды.
Жиын барысында облыс басшысы қатысушыларға жеті жобаны жүзеге асыруға байланысты нақты сауалдар қойды.
— Бүгінгі күні сіздер жұмыс жүргізіп жатқан жобалардың жүзеге асырылуы бәсең. Сондықтан барлық бағыттағы жұмыстарды жеделдету керек. Әрбір мердігер инвесторымен бірге қазіргі кезде құрылыс жүріп жатқан алаңда не жасалып жатыр, алдағы болашаққа қандай мақсаттар қойылып отыр, бұл мақсаттар қалай орындалуда және нысандар қашан пайдалануға беріледі деген ең басты сұраққа жауап бере алуы тиіс. Осы жиынның алдында құрылыс алаңдарын тағы бір аралап шықтым. Бірақ көргендерімнің бәріне көңілім толды деп айта алмаймын. Жұмысты дұрыс жолға қою керек.
Одан әрі А.Баталов:
— Ең бірінші кезекте барлық жұмыстар еліміздің заңнамаларына сәйкес жүргізілуі керек. Ең бастысы сапа және барлық құрылыс талаптары мен ережелері сақталуы тиіс. Сәулеттік шешім де аса маңызды, эстетикалық талап пен талғам болуы керек. Тағы бір негізгі бағыт, ол қазақстандық мазмұн, яғни, отандық құрылыс материалдарын қолдану қажет,- деп атап өтті.
Жалпы бүгінгі күні «Қорғас» ХШЫО-да жеті жоба жүзеге асырылуда. Олардың арасында қонақ үйлер, сауда үйлері, сауықтыру кешені және басқа да нысандар бар. Инвестицияның жалпы көлемі 290 млрд. теңгені құрайды.
«Тюльпан-Қорғас», «Виктория Сити», «Қолөнершілер қаласы», «Қорғас-КАТ» сияқты бірқатар инвестор-құрылыс жүргізушілердің әрқайсысы атқарып жатқан жұмыстары туралы баяндады. Облыс басшысы қазіргі кезде ХШЫО аумағында күнделікті жұмыс жиыны өтетінін айтты. Бұл жобалардың жүзеге асырылуын бақылауға мүмкіндік береді.
Мәселен, «Хуан Шыңғыс» ЖШС компаниясы сауда үйінің құрылысына 1 маусымнан бастап кіріссе, «Виктория Сити» ЖШС құрылысы шілденің ортасында басталуға тиіс құрылыстың рұқсат қағаздарын енді ғана алып отыр. Ал «Қолөнершілер қаласының» құрылысын белгіленген мерзімде аяқтау үшін жұмысшылар санын ұлғайту керек. Мұндай ірі жобаны жүзеге асыру белсенді жұмысты талап етеді. Сондықтан облыс басшысы құрылыс алаңдарында жұмыс қайнап жатуы тиіс екенін айтты.
Инвестор-құрылыс жүргізушілерді тыңдаған А.Баталов әр нысан бойынша тиісті тапсырмалар беріп, жиынды қорытындылады.
— Сапалы нәтижеге қол жеткізу үшін ең алдымен құрылыс алаңдарындағы жұмыстарды дұрыс ұйымдастырып, жұмысшыларға қажетті жағдай жасау керек. Өздеріңізге алған барлық міндеттемелерді, әсіресе жалақыға қатысты міндеттемелерді орындауға тиіссіздер. Ал еңбек қауіпсіздігі мәселесі ең басты назарда болуы керек,-деді А.Баталов сөзінің қорытындысында.