Қазақстан полициясының құрылғанына 25 жыл толуына орай Алматы облыстық ІІД автопаркі 50 қызметтік жаңа автокөлікпен толықты. Бұл туралы Талдықорған қаласындағы «Жастар» саябағында өткен ішкі істер органдарының кәсіби мерекесінде белгілі болды.
Полиция қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтаған облыс әкімінің бірінші орынбасары Лаззат Тұрлашов облыста мемлекеттік қолдау нәтижесінде саланың материалдық-техникалық базасын нығайтуға баса назар аударылатынын атап өтті. Бұл шаралар халықтың әл-ауқатын арттыру бағытындағы жұмыстың нәтижелі болуына өз ықпалын тигізіп келеді.
— Сіздерді Қазақстан полициясының 25 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын! Осы ширек ғасырдағы қалыптасу кезінде еліміздің ішкі істер органдары түрлі сатылардан өтіп, дамудың жаңа кезеңіне көтерілді. Полиция қызметі қауіпті де қиын жұмыс болса да, бүгінде сіздер бұл жауапкершілікті мемлекет пен азаматтар алдында лайықты деңгейде атқарып келесіздер. Сіздерге осы ерен еңбектеріңіз үшін ризашылығымды білдіремін. Еліміздің өркендеуі жолындағы, ел тыныштығын сақтаудағы істеріңіз ілгерілей берсін! – деген Л.Тұрлашов бұдан әрі ішкі істер органдарының үздік қызметкерлеріне құрмет грамоталары мен алғыс хаттар тапсырды.
Осы шара барысында құқық қорғау органдары қызметкерлеріне 50 қызметтік жаңа автокөлік берілді.
Мұнан соң Алматы облыстық ІІД бастығы, генерал-майор Мұрат Ұрұмханов әріптестерін құттықтап, полицияның жас инспекторларына, қызметкерлері мен ардагерлеріне марапаттар тапсырды.
Мереке салтанатты маршпен және концерттік бағдарламамен жалғасты.
Жалпы, Алматы облысындағы ішкі істер органдарында 5 мыңнан астам полицейлер еңбек етеді. «Қауіпсіз аула» жобасының шеңберінде Талдықорған қаласында құны 4,5 млрд. теңге болатын 800 камера орнатылуда. Оған қоса биылғы жылы 62 учаскелік полиция пунктін салу жоспарланып отыр. Бұл пунктте полиция қызметкерінің тұрғын үйі де бірге қарастырылатын болады. Жобаның құны 1 млрд. теңге.