Алматы облысында Мемлекеттік бағдарлама бойынша оқуға қатысқан 100-ден астам адам кәсіпкер болып тіркелді. Оқыту «Бизнес-Кеңесші» жобасы аясында өтті.
Алматы облысының Кәсіпкерлер палатасы 2017 жылдың бірінші жартыжылдығында өткен «Бизнес-Кеңесші» жобасын қорытындылады. Тегін оқыту «Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламасының төртінші бағыты бойынша іске асырылуда. Оған экономиканың кез келген саласындағы шағын және орта бизнес субъектілері және кәсіпкерлік ынтасы бар тұрғындар қатыса алады. Курс аясында жеке бизнесті ашу, маркетинг, адами ресурстарды басқару, кәсіпкерліктің құқықтық негіздері мен қаржы сауаттылығы бойынша екі күндік оқу қарастырылған. Бизнес-тренер Александр Кузнецовтың мәліметінше, 2017 жылдың бірінші жартыжылдығында Алматы облысы бойынша «Бизнес-Кеңесші» жобасында 876 адам оқытылған. Оның 544-і жеке тұлға, қалғаны кәсіпкерлер болып табылады. Гендерлік ерекшелік бойынша оқытуға 63,24% ер адамдар, 36,76% әйелдер қызығушылық білдірген. Жобаның ең жас қатысушысы 17 жаста болса, үлкені 57-де.
«Оқыту бойынша алынған сертификат мемлекеттік грантар конкурсына қатысуға, мемлекеттік бағдарламалар аясында несие алуға мүмкіндік береді. Жобаның тиімділігін біз қатысушылардың кәсіпкерлік қызметке тартылу, қаржыландыруға қол жеткізу сияқты көрсеткіштері бойынша бағалаймыз. Мәселен, оқудан өткен қатысушылардың 105-і кәсіпкер ретінде тіркелген. Олардың көпшілігі жеке кәсіптерін ашқан, бесеуі ауыл шаруашылығы кооперативін (АШК), тағы біреуі шаруа қожалығын тіркеген», — деп атап өтті А.Кузнецов.
Мысалы, Текелі қаласының тұрғыны Нұрғиса Ағыбаев оқуды сәтті аяқтаған соң, бірден кәсіпкер ретінде тіркелген. Шаруа қожалығын құрып, мал шаруашылығын дамытумен айналысуда. Тыңдаушылардың пікірінше, «Бизнес-Кеңесші» кооператив ашуға түрткі болды. Қаратал ауданынан қатысқан азаматтардың бірқатары АШК ашып, белсенді түрде кәсіптерін жүргізуде. Анна Шингожина «Алма Сүт» атты кооперативті тіркеп, қазіргі таңда сүтті өткізумен айналысады. Ауданның тағы бір тұрғыны Мәулет Мазғұтов «Байғара» кооперативін құрып, ірі қара санын көбейтуде.Сонымен қатар, «Бизнес-Кеңесшінің» 24 тыңдаушысы «Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламасы аясында қаржыландыруға өтінім берген. Тағы 45 кәсіпкер Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы бойынша берілетін несиеге үміткер. Семинардың 70 қатысушысының өтініші Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорында қарастырылу үстінде.