Воскресенье, 24 ноября, 2024
No menu items!

Жетісу тарихымен танысты

Басқа ақпараттар

Ғасырлар бойы сақталып келген Балпық бидің дулығасы Астанадағы көрмеге қойылды. Қара қылды қақ жарған әділ би әрі ел қорғаған қайсар батырдың темірден құйылған бас киімі Елорда мен шетелдік қонақтардың қызығушылығын тудырды. Үш ғасырдың қатпарлы тарихына куә көне дулыға Алматы облысының Мәдениет күндері аясында Арқа төсіне жеткізілген еді. Балпық бидің дулығасы М. Тынышбаев атындағы облыстық өлкетану музейінің ең құнды жәдігері саналады. Айта кетейік, «ЭКСПО – 2017» халықаралық көрмесі шеңберінде өтіп жатқан өңірдің мәдени шарасына келуші қонақтар қатары төрт күн бойы толастаған жоқ.

Астаналықтар Мәдениет күндері аясында Жетісу өлкесінің бай тарихымен танысты. Астанадағы Қазақстан Қарулы Күштерінің Ұлттық әскери-тарихи музейінде облыстың өткен өмірінен сыр шертетін көрме ұйымдастырылды. Бірінен-бірі асатын және құнды тарихи мәліметтерді арқалаған жәдігерлерді көрген адам қазақтың жүріп өткен жолына сүңгіп кете барады. Көрменің бірінші күнінен-ақ қонақтар жыр алыбы Жамбылдың жеке өзі қолданған бұйымдарын тамашалады. Ақынның шапаны мен құпияға толы сағаты да көпшілікті қызықтырды. Жамбылдың жүрегімен бірге тоқтаған сағат адамға өмірдің өтпелі болатынын ұқтырып тұрғандай. Сонымен бірге, Шоқан Уәлиханов музейінен жеткізілген жәдігерлер де қонақтарды бей-жай қалдырмады. Облыс тарихы тек мұнымен шектелген жоқ. Біздің заманымызға дейінгі 6–3 ғасырлар аралығы таңбаланған сақ ыдыстары да Жетісудың тарихын толықтыра түседі. Осы орайда тарихшы, сақ қорғандарын зерттеуші Бекен Нұрмұхамбетовтың ерен еңбегін айтсақ та жеткілікті. Әттең, өмір – қысқа, әйгілі тарихшы бүгінде ортамызда жоқ. Әйтпесе, Мәдениет күндерінің көркін кіргізіп, тағы да жаңа жәдігерлермен таныстырып жүрер ме еді, кім білсін?!

Тарихтан сыр шертетін көрменің бір бұрышы Жетісудың сүйікті перзенті Мұхамеджан Тынышбаевқа арналыпты. Терістік пен түстіктің арасын жалғаған әйгілі «Түрксіб» теміржолы М. Тынышбаевтың қолтаңбасы іспеттес. Бұдан бөлек, Есік қорғанынан табылған «Алтын Адам» мен Алашорданың 100 жылдығына арналған экспозиция қонақтар тарапынан жоғары баға алды. Ал суретшілердің көрмесін аты аңызға айналған қылқалам шебері Әбілхан Қастеевтің картиналарынан басталды. Майлы бояумен салынған бірнеше картинаның ішінде жаңадан бейнелеу өнеріне аяқ басқан суретшілер де бар. Бір сөзбен айтқанда, келген қонақтарды Жетісудың бай өлкесімен Әлия Әбілбай, Әсел Еренқызы және Қарлығаш Тұтқабаева таныстырды. Қызмет көрсету қазақ, ағылшын және орыс тілдерінде жүргізілді.

Облыстың Астанадағы мәдени шаралары Жастар сарайында «Жетісу – ән-жыр ордасы» деген концертпен жалғасын тапты. Мұнда Сүйінбай атындағы облыстық филармония әншілері, «Сазген», «Құлансаз», «Адырна», «Қобыз сарыны» сынды фольклорлық-этнографиялық ансамбль ұжымдары өнер көрсетті.

- Advertisement -spot_img
- Advertisement -spot_img
Соңғы жарияланымдар

Kazakhstan Global Investment Roundtable: Қазақстан әлемдік БАҚ назарында

Туризм және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев Kazakhstan Global Investment Roundtable аясында ұйымдастырылған іс-шарада шетелдік БАҚ өкілдерімен кездесті. Бұл туралы...
- Advertisement -spot_img

Өзге жазбаларды оқи отырыңыз

- Advertisement -spot_img