Среда, 27 ноября, 2024
No menu items!

Азамат рухын ардақтады

Басқа ақпараттар

Асыл азамат, ардақты әке, белгілі кәсіпкер, меценат Жанайдар Егінбаевтың өмірден өткеніне біраз жылдың жүзі болды. Көзі тірісінде облыстық мәслихат депутаты болып, өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына зор еңбек сіңірген жанды Жетісу жұртшылығы ешқашан ұмытпақ емес. «Жастар» спорт сарайында өткен білікті маман, тағылымды басшыны еске алу турнирі осы сөзімізге дәлел бола алады. Өңіріміздің түкпір-түкпірінен келген ардагерлер командалары волейболдан облыстық жарыс өткізіп, ардақты азаматты еске алды.

Осыдан екі жыл бұрын әуе апатынан көз жұмған «Талдықорған жолдары» ЖШС директоры Жанайдар Егінбаев жақсылығымен, шарапатымен талайдың жүрегінде сақталып келеді. Жүрегі жақсылыққа толы жанды келер ұрпақтың танып, біліп құрметтеуі керек. Міне, осыны мақсат еткен ұйымдастырушылар турнир дайындығын жоғарғы деңгейде жасаған.
Шараның ашылу салтанатына жиналғандар ел ағасын еске алып, ән арнап, арнау айтты. Әсіресе Нұрила Бектемірованың сөзіне жазылған Жания Спанованың орындауындағы «Аққан жұлдыз» әні көпшіліктің көңілін тербеп, жүрегіне жетті. Ардақты азаматтың жары Қаламқас Бабашева шараның ұйымдастырылуына ризашылығын білдіріп, алғысын жеткізді. Білікті маман, тағылымды басшы тірі болса осы күні асқаралы 67 жасқа толатын еді. Мұны «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалиасқар Сарыбаев өз сөзінде айтып өтті.

Аталмыш ойынға қол ұшын созып, демеушілік жасаған Жанайдар Егінбаевтың курстасы, досы Тасболат Битенов өз сөзінде:

– Бүгін бұл жерге Жанайдарды жақсы көріп, құрмет тұтатын жандардың бәрі жиналып отыр деп білемін. Біз ел-жұртының қамқоршысы бола білген азаматпен 1967 жылы танысқанбыз. Содан бері дос болып, жақын араласқанбыз. Отбасылық шаттығымыз да ортақ болды, – деп шынайы тебіреніспен ой толғады.
Шығыс Қазақстан облысынан келген «Дерикар» ЖШС директоры Тасболат Қажмұханбетұлы досының атына ұйымдастырылған турнирмен қатар шара соңынан берілетін асқа да демеушілік еткен.

Осыдан бес жыл бұрын өңірімізде 3-4 волейбол командасы болса, бүгінде жастар арасында 38, ардагерлер арасында 8 белсенді команда бар. Бұл өңіріміздегі волейболға деген қызығушылықтың артқанын көрсетеді. Ардагерлер арасындағы сегіз команданың барлығы аталмыш турнирден табылып, жақсы ойын өрнегін көрсетті.

Ардагерлер арасындағы бәсеке басынан-ақ қыза түсті. Ойын шеңберлі жүйеде өткізіліп, жиналған жұрттың қызығушылығын оятты. Атап өтерлігі, облыс әкімі Амандық Баталов та аталмыш турнирде ойын көрсетіп, шара шаттығын арттырды. Ойын қорытындысында шеберлік танытқандар мен жарыс жеңімпаздарын марапаттаған Амандық Ғаббасұлы жүзден жүйріктерге құрмет көрсетті. Командаларға кубок, грамоталар мен ақшалай жүлделер табысталып, алғашқы үштік марапатталды. Бірінші орынды Талдықорғанның ардагерлері алса, екінші орыннан Қарасай ауданы көрінді. Ұйғыр ауданының ойыншылары қола жүлдені еншіледі. Міне, тіршілікте артына мол өнеге қалдырған, жақсы істерімен ел жүрегінде қалған азаматқа деген ел құрметі осындай болды.

- Advertisement -spot_img
- Advertisement -spot_img
Соңғы жарияланымдар

Kazakhstan Global Investment Roundtable: Қазақстан әлемдік БАҚ назарында

Туризм және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев Kazakhstan Global Investment Roundtable аясында ұйымдастырылған іс-шарада шетелдік БАҚ өкілдерімен кездесті. Бұл туралы...
- Advertisement -spot_img

Өзге жазбаларды оқи отырыңыз

- Advertisement -spot_img