Бірнеше жылға созылып, былтыр пайдалануға берілген Алматы – Талдықорған автотрассасы бүгінде жетісулықтардың мақтанышына айналды. Қапшағайға дейін алты жолақты болып келіп, одан соң Талдықорғанға дейін төрт жолақпен жалғасатын тақтайдай тегіс жолдың арқасында бүгінде Талдықорған мен Алматының арасы барынша жақындай түсті. Ендігі кезегін күтіп тұрған жобалардың қатарында осы автотрассаның Талдықорған – Өскемен аралығы және Үшарал – Достық автожолы бар. Осыдан бірер ай бұрын Талдықорғанға жұмыс сапарымен келген Үкімет басшысының жұртшылықпен жүздесуі барысында сөз алған Инвестициялар және даму министрі биыл шілдеден қалмай аталған екі жолды қайта құрылымдауға кірісеміз деп еді. Сол сөз бүгінде жүзеге аса бастады.
Еліміздің және өңіріміздің экономикасы, жалпы, тірлігі үшін аса маңызды жолдар құрылысы «Нұр Отан» партиясының қатаң бақылауында. «Нұр Отан» партиясы Талдықорған қалалық филиалы жанынан құрылған көліктік логистика және инфрақұрылымды дамыту жөніндегі тұрақты комиссия «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша қайта төселіп жатқан Алматы – Өскемен тасжолының (235-259 шақырым) құрылыс жұмысына партиялық бақылау рейдін ұйымдастырды. Аса маңызды жобаның жүзеге асырылуы барысын өз көздерімен көріп, бағалаған рейдке комиссия төрағасы Руслан Валишанов, «Қазавтожол» АО басшысының орынбасары Нұрхат Ақылтаев, «Талдықорған қаласының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» ММ басшысының орынбасары Қуат Ханиет, «Нұр Отан» партиясы Алматы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Серік Нұрқадыров, Ескелді аудандық және Талдықорған қалалық комиссия мүшелері мен БАҚ өкілдері қатысты.
– Бүгін біздің комиссия назарында үш бірдей мәселе болды. Бірінші кезекте, жол жұмыстарының сапасы жан-жақты сарапталды. Екіншіден, жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамту мәселесі қарастырылды. Мердігер компания құрылыста 20-дан астам бос жұмыс орны жайлы мәлімет берген еді. Ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту мәселесін осындай бос орындары бар нысандармен бір арнаға тоғыстырып, жұмыспен қамту орталықтары арқылы екі бірдей мәселені шешу жайлы нұсқау жасалды. Сонымен бірге, жаңадан салынатын жолдардың қауіпсіздігіне де көңіл бөлдік. Рейд кезінде бірқатар кемшін тұстар атап көрсетіліп, оларды тез арада реттеу туралы тапсырма берілді. Ел экономикасының күретамыры болып саналатын күре жолдардың қайтадан төселуі біздер үшін үлкен қуаныш. Өздеріңіз көріп жүргендей, осыдан бірер жыл бұрын Алматыдан Талдықорғанға жетуге жарты күн кететін. Қазір айналдырған екі жарым сағатта жолды еңсеріп тастайтын дәрежеге жеттік. Мұның барлығы Елбасының бастамасымен қолға алынып отырған «Нұрлы Жол» бағдарламасының арқасы. Сондықтан осы жоба бойынша атқарылар жұмысты әрдайым бақылауда ұстаймыз, – деді облыстық партия филиалы төрағасының орынбасары Серік Нұрқадыров.
Көліктік логистика және инфрақұрылымды дамыту мәселелері жөніндегі комиссияның төрағасы Руслан Валишановтың Алматы – Өскемен автожолының облыс орталығына таяу тұстағы бітпей жатқан бөлігіне қатысты сұрағына жауап қайтарған «Қазавтожол» АО басшысының орынбасары Нұрхат Ақылтаев: «Құрылыс қарқын алды. Қазіргі кезде Бақтыбай ауылының ішімен өтетін жолды төсеудеміз. Осында жер су өткізетін құбырлар, көпір салу жұмыстары жүргізілуде. Жұмыс жоспарға сай, қыркүйек айында барлық жол төсемелері аяқталып, жол қозғалысы ашылады. Жұмысты уақытылы бастауға біраз кедергілер болғаны рас. Ауыл тұрғындарымен екі арадағы түсінбестіктер түйіні тарқатылды», – деп жауап қайтарды.