«Астана ЭКСПО – 2017» халықаралық көрмесі аясында Алматы облысы мен Швейцарияның Тичино кантонының арасында өзара ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды. Алматы облысының əкімі Амандық Баталов пен Тичино кантонының экономика жəне қаржы министрі К.Витте қол қойған құжат екі жақты байланыстардың жаңа белесіне жол ашады деп күтілуде.
Еліміздің Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов, Қазақстан Республикасының Швейцария Конфедерациясындағы Төтенше жəне Өкілетті елшісі Жанар Айтжанова, Швейцария Конфедерациясының президенті Дорис Лойдхардтың жəне басқа да лауазымды тұлғалардың қатысуымен өткен Меморандумға қол қою рəсімінде облыс басшысы А. Баталов Жетісу өңірінің инвестициялық мүмкіндіктеріне қысқаша тоқталып өтті.
— Алматы облысы мен Тичино кантоны климаты жағынан да, табиғаты жағынан да ұқсас. Бір-бірімізді толықтыратын, үйренетін ортақ дүниелер баршылық. Туризмді дамытуда, ауыл шаруашылығына, өңдеу өнеркəсібіне жаңа технологиялар тартуда, жасыл энергетиканы енгізуде Швейцариядан үйренеріміз көп. Мəселен, Алматы облысында тұрмыстық қатты қалдықтарды өңдейтін ірі кəсіпорын жоқ. Осы жағынан да əріптестік байланыс мүмкіндіктерін қарастыруды жоспарлап отырмыз. Алдағы уақытта тəжірибе алмасу мен екі тарап кəсіпкерлерінің арасында жанды байланыс орнатудың игілігін тұрғындар көреді деп ойлаймын, — дей келе А. Баталов тичинолық делегацияны Жетісу өңіріне арнайы шақырды.
Тичино кантонының экономика жəне қаржы министрі К. Витте өз сөзінде меморандумның заңды жалғасы ретінде нақты жобалар жүзеге асырылып, ортақ нəтижеге қол жеткізілетініне сенім білдірді.
Шара соңында А. Баталов швейцариялық қонақтарға облыстың барлық тарихи орындары айқын көрсетілген қолдан əзірленген картасын жəне Жетісу өңірі туралы кітапты сыйға тартты.
Жалпы Қазақстан мен Швейцария арасындағы əріптестік қарым-қатынастың орнағанына биыл 25 жыл толып отыр. Меморандумға қол қою рәсімі осы айтулы дата қарсаңында ЭКСПО көрмесінде өткен Швейцарияның Ұлттық күні аясында болды.