Кеше облыс әкімі Амандық Баталов Жамбыл ауданы Ұзынағаш ауылындағы жаңадан салынған 1200 орындық мектептің «Білім кілтін» салтанатты табыстау рәсіміне қатысты.
Өзінің құттықтау сөзінде өңір басшысы Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың салиқалы саясатының арқасында және мемлекеттік бағдарламаларды тиімді жүзеге асырудың нәтижесінде биылғы жылдың өзінде облыста 49 000 бүлдіршіннің 1 сыныпқа барғалы отырғандығын қуана хабарлады. Облыс әкімі оқушылардың сабақтарын жақсы оқып, ұстаздарынан өмірлік тәлім-тәрбие алып, білім нәрімен сусындап, еліміздің болашағына сүбелі үлесін қосар саналы азамат болып өсетіндіктеріне сенім білдіретіндігін жеткізді.
Осыдан кейін жаңа ғимараттың лентасы салтанатты түрде қиылып, облыс әкімі бастаған бір топ қонақтар мектептің ішкі құрылымымен танысып, құрылыс сапасын тексеріп шықты.
Естеріңізге салар болсақ, мектеп құрылысын «Риголит» ЖШС жүргізді. Құрылыс жұмыстары 2016 жылдың тамызында басталып, 2017 жылдың тамызында толығымен аяқталды. Ғимаратта барлық материалдық-техникалық базамен қамтылған 60 оқу кабинеті, соның ішінде арнайы құрал-жабдықтармен жабдықталған 2 химия, 2 физика, 2 биология, 2 ЛМК, 4 информатика кабинеттері бар. Сонымен қатар 2 кітапхана, 2 технология кабинеті, 2 спорт залы мен 230 орындық асханасы да бар.
Бүгінгі күні оқушылар саны — 850. Оқушылар 100 % оқулықтармен қамтамасыз етілген.