Алматы облыс орталығы тағы бір балабақшамен толықты. «Бамбини» атауымен бала бақытын арттырған мекемеге Талдықорған қаласының әкімі Бағдат ҚАРАСАЕВ арнайы келіп, жаңа ғимараттың тұсауын кесті.
Шевченко көшесінің бойынан орын тепкен жаңа ғимараттың ауданы 1000 шаршы метрді қамтиды. Сәулетті нысан мемлекеттік және жекеменшік әріптестік аясында бой көтерген. Бүлдіршіндер мен ата-аналарды қуанышқа бөлеген салтанатты шараға арнайы келген Бағдат Қарасаев кәсібінің нәсібін көрген балабақша меңгерушісі Зульфия Валишановаға алғысын жеткізді. Жас та болса үлгілі ісімен таныла білген Зульфия Русланқызының бұл қадамы расымен де көңіл шаттандырады. Ол 2015 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «Мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандығын бітіріп, 2017 жылы І. Жансүгіров атындағы ЖМУ магистратурасын аяқтаған. Үлкен жүрегімен кішкентайлардың көңіліне нұр себуге асық болған батыл қыздың қадамына жұртшылық та сүйсіне қарайды.
Қала әкімі бүлдіршіндерге деген ақ ниетін жеткізіп, балабақшаның лентасын қиды. Кең де көрікті ғимараттың ішін аралап, балалардың өнеріне қанық болды. Қос қабатты ғимарат бүлдіршіндерді тәрбиелеп, ой-өрісінің өсуіне ықпал етпек. Арнайы оқулықтар мен ойыншықтар алынып, заманға сай құралдармен жабдықталған. Балабақша бүлдіршіндерге тек тәрбие беріп қана қоймай олардың спортпен айналысуына да септігін тигізбек. Бүлдіршіндер үшін біліктілігі жоғары 33 маман жұмысқа қабылданып, орта есеппен 50000 теңге көлемінде айлық белгіленген. Мектепке дейінгі мекемеде оқыту қазақ және орыс тілінде жүргізіледі. 125 бала 5 топқа бөлініп білім алмақ. Періштелерді қуантқан сәттің сауабы да үлкен болатынын айтқан Зульфия Русланқызы мекемеде медициналық бөлім, ас даярлау орны, кір жуатын бөлме, 5 ойын, 1 дене шынықтыру алаңы, 10 көлікке арналған автотұрақ барын да тілге тиек етіп өтті.
Айта кетерлігі, бүгінде облыс орталығында 60 мектепке дейінгі мекеме жұмысын жалғастырып келеді. Оның 16-сы мемлекеттік, 36-сы жекеменшік, 8-і мектеп жанынан ашылған шағын орталықтар. Мектепке дейінгі мекемелерде 7648 бала бар. Бүгінгі күні 3-6 жас аралығындағы балаларды балабақшамен қамту пайызы – 92,5. Қала бойынша 9350 бала балабақша кезегінде тұр. Бірақ араға ұзақ уақыт салмай, бұл мәселенің де толық шешілетініне «Бамбини» секілді балабақшалардың ашылуы дәлел.
Балалардың дайындаған концерттік бағдарламасын көрген Бағдат Әбілмәжінұлы кішкентайларға сәттілік тілеп, ойыншықтар үлестіріп, балабақшаға қаржылай сыйлық табыстады.