Қазақтың ұлттық ойындары жетерлік. Дене күшін қажет ететін «күрес», «көкпар», «қыз қуу» сынды түрлерінен бөлек, ақыл ойды дамытатын түрлері де бар. Соның бірі- тоғызқұмалақ.
Бұл ойынды ертеде шопандар жерді ойып ұяшықтарын жасап, қойдың құмалағымен ойнайтын болған. Сондықтан қазіргі күні «көшпенділер ойыны» деп те аталып жүр.
Тоғызқұмалақ – тапқырлықты, аңғарымпаздықты талап етеді. Ойнау ережесі де өте жеңіл. Бірақ қарсыласыңызды ұтып, жеңіске жету қиынырақ болуы мүмкін. Ендеше өзімді ауылда алдына қара салмаған тоғызқұмалақ жеңімпазы ретінде сезініп, кейбір кеңестеріммен бөлісейін.
- Бірінші жүру бақыты бұйырса алғашқы жүрісті екінші отаудағы құмалақтарды таратудан бастаған жөн. Әрине, өзге ұяшықтардағы құмалақтарды таратып бастасаңыз да қателеспейсіз, бірақ тез арада тұздық құрып алу үшін осы тәсіл тиімдірек.
- Өзіңнің де, қарсыласыңның да тастары қай жерге келетіндігін санап отыру қажет. Көзбен.
- Бір ұяшыққа құмалақтарды көп жинамаңыз. Тек «қарсыласты атсыратамын»- деп өзіңізге сенімді болсаңыз ғана, көп құмалақты бір отауға жинауға болады, бірақ әрқашан құмалақтардың тақ не жұп екендігін назардан шығармаңыз. Және соңғы 7,8,9 –ұяшықтардағы құмалақтардың санының көп болмауына кеңес беремін.
- Тұздықты қарсыластың 1 — отауына құру. Себебі, өзіңіздің тоғызыншы астауыңыздағы тастарды біртіндеп тұздыққа сала бересіз. Нәтижесінде, қазандыққа да құмалақ жинала береді, өзіңіз де жүрісті көбейтіп, қарсыласты атсыратуға жағдай жасайсыз.
Бүгінгідей инновация дамыған заманда анда-санда болсын ойлау қабілетіңізді дамытатын нәрселермен айналысқан жөн. Себебі, есепті шешу үшін де «калькулятордың» көмегіне жүгінетініміз жасырын емес. Оның үстіне тоғызқұмалақ 4 жылда 1 рет өтетін зияткерлік Олимпада ойындарында ұйымдастырылып жүр. Мүмкін сіз де жеңімпаз болып қаларсыз.