Воскресенье, 24 ноября, 2024
No menu items!

Жатақханадағы бір күн

Басқа ақпараттар

Мен кейде ерте оянамын. Мүмкін ұйқымның көңілін қимайтын мені оятқышым қатты дауысымен орнымнан тік тұрғызатын болса керек. Керуетімнен жайлап көтеріліп, жатақхана терезесінен сыртқа көз тастаймын. Көше бойынан сабаққа әлде қуанып, әлде мұңайып асыға қадам басқан студенттер мен жан-жағына маңғаздана көз тастап, оқу ғимаратын бетке алған оқытушылардың байсалды бейнесі көрінеді.

Қолыма ұстаған капучиноның таңдай үйірер дәмі өзімді сонау таңғажайып ұйқы әлемінен біржола алшақтатып алады. Сонан кейін сүйікті айнаммен біраз уақыт жүздесіп алып, сыртқа беттеймін.

Аудиторияның есігін ашып, ішке енген менімен жылыұшырай амандасып, қағытпа қалжыңдарын да ретін тауып айтып қалатын группаластарыммен бірге уақыттың да қалай зымырап өте шығатынын сезбей де қаламын кейде. Елу минут сайын ауысып келетін оқытушылардың әр түрлі мінезі мен талабына қарай бейімделіп алған біз кейбір сабақта бір-бірімізге сөз бермей жарысып, ал кейбірінде «әуелі сен, мен сенен кейін айтам» — деп бір-бірімізге сыпайы ғана жол беріп отырамыз.

Негізі «Сендердің сабақтарың қызық өтеді» — деп таңдай қағатын басқа факультеттегі құрбыларымның  сөзінің жаны бар. Бізде, әсіресе, журналистика факультетінде көбіне шектеуден гөрі еркіндік, жасандылықтан шынайылық басым. Айтатын ойы, жазатын қабілеті бар студентке бар мүмкіндік жасалған. Тек соны тиімді пайдалану – өзіңнің қарым-қабілетіңе байланысты.

Сонымен, сөмкемен бірге ата-ана артқан сенімдерді арқалап жүріп, сабақты да аяқтап, сүйікті жатақханама қарай асығамын. Жалпы өз басым «нағыз студенттік өмір–жатақханада» — деген сөзге толықтай келісемін. Сан түрлі тағдырлардың иелерімен бір шаңырақ астында, бір бөлменің ішінде тұрып, бірге күліп, бірге мұңайып, жалынды шақтың қызық-шыжығына бірге малтып кете бересің. Жоғыңды сұрап, барыңды бөлісуге, бір-біріңе қамқор болуға және өзіңнің жеке өмір салтыңды қалыптастыруға жатақхананың тигізер үлесі орасан зор.

Бөлмедегі кезекшіліктің өзі үлкен жауапкершілікті талап етеді. Тіпті кейбір қазақ мақалдары да осы жатақхана студенттеріне арнап айтылғандай көрінеді маған. Мысалы «Алыстағы ағайыннан қасыңдағы көршің артық», «Көппен көрген ұлы той», «Қанағат қарын тойғызар», «Тамшыдан тама-тама дария болар» сияқты. Ал, стипендияны күтіп, оны сарыла тосудың жайы мүлде бөлек.

Хош делік, солайша жатақханама келген мен бөлмелестерімнің дайындаған кешкі асына алғысымда айтып, ноутбугіммен оқу залына қарай аяңдай түсемін. Содан кейін біз сүйетін «ENU Wireless» Wi-Fi-ын қосып алып, ғаламтор әлеміне сүңгіп кетемін. Арасында ауылдағы анама бір күндік немесе бір апталық есеп беріп, бауырларымдың хал-жағдайына да шолу жасап аламын.

Қашан сағат түнгі екіні соғып, коммендант апайдың «қане, жарықты өшіріп, тез шығамыз!» — деген құлаққа жағымды дауысын естімейінше, оқу залындағы орнымнан қозғалып көрген емеспін. Ал онда мені тек сабақ қана оқиды екен десеңіз, қателесесіз. Мен ол кезде интернеттің мүмкіндігі жететін бар ғажайыпқа сапар шегіп бара жатамын. Ал ноутбугімді құшақтап бөлмеге келіп, түнгі шабытпен «Microsoft Word» — тың мазасын алу – мүлде басқа әңгіме.

Сөйтіп, түнгі үш-төрттердің шамасында ғана ұйқының есігін қағып, көз ілуге дайын екенімді хабарлаймын.

Бұл – менің жатақханадағы таңғажайып өмірімнің жалпы мазмұны ғана. Ал оның ішіндегі қызықты сюжеттерге толы шытырман оқиғалар әлі жазылып бітпей жатыр. Өйткені, өз шығармамдағы кейіпкерлерімді зерттеу үстіндемін. «Әр адамның тағдыры – шертілмеген сыр, жазылмаған кітап», — деуші еді ғой. Сол сияқты өз кітабымды өзім жазбасам болмас. Дегенмен, студенттік күнделіктің орны бөлек қой. Солай емес пе, жақсы дос?

Әсем ҚҰЛМАНОВА

Алдыңғы мақала
Келесі мақалада
- Advertisement -spot_img
- Advertisement -spot_img
Соңғы жарияланымдар

Kazakhstan Global Investment Roundtable: Қазақстан әлемдік БАҚ назарында

Туризм және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев Kazakhstan Global Investment Roundtable аясында ұйымдастырылған іс-шарада шетелдік БАҚ өкілдерімен кездесті. Бұл туралы...
- Advertisement -spot_img

Өзге жазбаларды оқи отырыңыз

- Advertisement -spot_img