Тұңғыш Президент — Елбасы Н.Назарбаевтың жастарға деген ерекше қолдауымен 2019 жыл елімізде «Жастар жылы» болып жарияланды. Елбасының Жолдауын жүзеге асыру мақсатында Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаевтың қосымша білім беру оқу әдістемелік орталығы жұмысының заман талабына сай жүргізілуін көздеп әзірленген «ІT-ІMAQORDA» балалар технопаркінің жобалық жол картасына облыстық бюджеттен 60 млн теңге қаржы бөлініп, жобаның жүзеге асуына үлкен қолдау білдіргені жергілікті биліктің білім саласына шынайы жанашырлығы деп білеміз. Өткен сенбі күні «ІT- ІMAQORDA» балалар технопаркінде «Kyzylorda Robot Shool» робототехникадан оқушылар арасындағы қалалық чемпионат өтті. Оған қаланың 54 мектебінен 200-ге жуық оқушы қатысты. Аталмыш шараға қала әкімі Н. Нәлібаев қатысып, қатысушыларға өзінің игі тілектерін білдірді.
Қазақстан үшін робототехника өте жас сала. Робототехника сайысы біздің болашағымыз — жастар үшін керемет мүмкіндік. Осындай іс-шараларда жаңа әрі креативті идеялар пайда болады. Әрине, қандай да бір жаңашылдық еліміздің дамуына өз септігін тигізеді. Робототехникадан өтетін сайыстарға жыл санап қатысушылардың қатары артуда. Мақсаты оқушылардың инновациялар мен жоғарғы технологиялар саласына деген қызығушылығын арттыру, интелектуалдық қабілеттерін дамыту.
Қалалық чемпионатқа қатысушы оқушыларға қала әкімі сәттілік тілеп, еліміздің болашағы жастар үшін ауқымды жобалардың жүзеге асып жатқанын тілге тиек етті:
— Құрметті қатысушылар, шаһарымыз даму мен жаңарудың даңғылына түскен әсем қалалардың біріне айналуда. Бүгінде Қызылорда қаласы халықтың жайлы тұрмысына барынша ыңғайлы, жастардың қаласына айналдыру үшін маңызды бастамалар мен ауқымды жобалар қолға алынуда. Инновациялық бағытта экономиканың үдемелі тұрақты дамуын қамтамасыз ететін ұлтымыздың жасампаз қуатын өндіретін де жастар. Біздің басты мақсатымыз жастарға лайықты білім беріп, жаңа мүмкіндіктерді қолжетімді ету. Бүгінгі күні қаламыздағы 54 мектептің барлығы 100 пайыз кең жолақты интернет желісіне қосылды. Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының барлығы электронды балабақша автоматтандырылған жүйеге енгізілді. 2018 жылы Қызылорда қаласының білім беру ұйымдары 11 млн. 785 мың теңгеге 26 интерактивті тақтамен, 195 млн. 495 мың теңге жаңа үлгідегі 11 физика, 11 химия және 8 биология кабинеттерімен жабдықталды. Қаладағы 54 мектептің барлығы «Күнделік» электронды журналдар ақпараттық жүйесіне қосылды. Сонымен қатар, 1 млн. 632 мың теңгеге 204 дана Wі-fі модем, 77 млн 142 мың теңгеге 23 робототехника кабинеттерімен жабдықталған. Қалада бірқатар білім ордалары ІT бағытында оқытуда алғашқы қадамдар жасады. Атап айтқанда №3 ІT-лицейі мен «Мұрагер» мектебінде 13 млн 768 мың теңгеге 3Д лабораториялары және 9 млн 545 теңгеге 2 цифрлы білім беру кабинеттері жабдықталған. Қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығы» 6 млн. 146 мың теңгеге 3 D моделдеу кабинетімен» және 8 млн. 521 мың теңгеге «Цифрлық білім беру лабораториялық кабинетімен» жабдықталды, — деді қала әкімі.
Қала әкімі Н. Нәлібаев «ІT-іmaqorda» балалар технопаркінің жұмысымен танысты. Орталықта 3D-сурет салу студиясы, робототехника және 3D-модельдеу секциялары, көпшілік алдында өнер көрсету дағдылары мен шығармашылық қабілеттерін дамытуға арналған кабинеттер, «Іqіmaq» өзін-өзі тану кабинеттері бар.
Қалалық чемпионатқа қатысу үшін командалар саны шектелмеген. Роботтардың дизайнына ешқандай шектеу жоқ. Мамандардың пікірінше, чемпионат жастардың механика, электроника және бағдарлама жазу саласындағы білімдерін шыңдай түседі:
— Робототехникаға бүгінде сұраныс көп. Бұл сала біз үшін өте қызықты. Қаңтар айынан бастап робототехникамен айналысып келеміз. Жасаған роботты Роболап деп атадық. Робот жасау үшін көп іздендік. Жасаған роботтың ерекшелігі шеңберде қарсылас роботты шығарып тастайды. Әрбірін дұрыс құрастыру керек, бір жері дұрыс құрылмаса робот істемейді. Бүгінгі жарыстың әсері өте күшті. Робототехниканың Қазақстанда қарқынды дамитынына сенімдіміз, — дейді №10 мектептің 9-сынып оқушылары Ернар Берікұлы мен Аружан Бекмұрат.
Чемпионаттың барлық қатысушыларына қатысқаны үшін сертификаттар табысталды. Сайыстың қорытындысы бойынша «Желі бойынша жарыс» категориясы бойынша бірінші санат бойынша Гульвира Атамбаева І орынды иеленсе, ІІ орын төрінен Ғалия Скакова мен Еркебұлан Қазиев көрінді. ІІІ орын Жаңагүл Алдамжарова мен Гүлнұр Досжановаға бұйырды.
А.ОМАШ