2022 жылы гранттар саны 10%-ға артады. Бұған қоса техникалық бағыттарға басымдық пен қолжетімділікті кеңейту үшін техникалық мамандықтарға арналған гранттардың үлесі 40%-дан 60%-ға дейін ұлғайтылатын болады. Сондай-ақ, ауылдық квота да биыл 35%-ға дейін ұлғайтылады. Бұл туралы Үкімет отырысында Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов айтты.
«Білім сапасы жағынан алшақтығы бар өңірлердің абитуриенттеріне техникалық бағыттары бойынша қосымша 10 000 нысаналы грант бөлінетін болады. Біз талдау жүргізіп, өңірлерді анықтадық. Бұл – Маңғыстау, Атырау облыстары. Жоспарға сәйкес студенттер еліміздің жетекші жоғары оқу орындарында білім алатын болады. Сондай-ақ, оқу аяқталған соң тұрғылықты жерлеріне барып өтеу көзделеді», — деді министр.