Денсаулық сақтау саласының қызметкерлеріне пандемия жағдайындағы қажырлы еңбектері үшін орнатылатын ескеркіштің үздік жобасына ашық байқау жарияланды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Байқаудың мақсаты – Қазақстан Республикасында орнатылатын ескерткіштер мен монументтер жөніндегі Мемлекеттік комиссияға ұсыныс енгізу үшін көркем-сәулет және мүсіндік композиция жасау арқылы денсаулық сақтау саласының қызметкерлеріне пандемия жағдайындағы қажырлы еңбектері үшін орнатылатын ескеркіштің ең үздік тұжырымдамалық мүсіндік-көркемдік шешімін анықтау.
Дәрігерлер мемориалы қазақстандықтардың өмірге қауіп төндіретін вирусқа табандылықпен, бірлесе, ынтымақтаса отырып қарсылық көрсеткенінің, жаңа өмірге деген үміттің, дәрігерлерге алғыс пен мәңгілік естеліктің символына айналуы тиіс.
Ескерткіш композициясы қолданыстағы сәулет және қала құрылысы ортасына үйлесімді түрде сәйкес келуі керек.
Жобаны жасағанда мықты материалдар (мәрмәр, гранит, қола, т.с.с.) қолданылуы керек.
Ескерткіш Алматы қаласы, Алмалы ауданы, Толе би көшесі, 94 мекенжайында орналасқан Асфендияров атындағы ҚазҰМУ бас корпусының алды.
1. Байқау шарттары
Байқауға барлық ниет білдірушілер, сондай-ақ авторлық ұжымдар қатыса алады. Байқауды өткізу мерзімі 2022 жылғы 31 қаңтарынан 16 наурызға дейін. 2022 жылдың 16 наурызынан кешіктірмей жіберілген жұмыстар 050000, Алматы қаласы, Достық даңғылы, 56, Алматы қаласы Мәдениет басқармасы, №4015 кабинет мекенжайы бойынша қабылданады.
Басқа қалалардың авторлары пошта түбіртегінің нөмірін алдын ала хабарлай отырып, жобаларды белгіленген мерзімнен кешіктірмей Алматы қаласы Мәдениет басқармасының мекенжайына жібереді. Байқауға жобалар алты таңбалы санмен көрсетілген ұрандармен ұсынылады. Ұран конкурсқа ұсынылған жобаның барлық материалдарының жоғарғы оң жақ бұрышында, сондай-ақ ұрандық конвертте (биіктігі 1 см) жазылады. Ұранмен жабылған конвертте жоба авторының тегі, аты және мекен-жайы көрсетілген ақпараттық парақ болуы керек.
2 беттен аспайтын қысқаша түсіндірме жазба 2 данада ұсынылады. «Тімеѕ New Roman» қарпі, өлшемі №14, бір жоларалық интервалмен. Жазбада ескерткіштің негізгі идеясы, көркемдік шешімі және кеңістікті ұйымдастыру принциптері көрсетілуі керек.
Байқау қорытындысы бойынша шешімді Алматы қаласының тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау жөніндегі комиссиясы қабылдайды.
Байқау шарттарын бұза отырып ұсынылған жобалар конкурсқа жіберілмейді және Комиссияда қаралмайды.
2. Байқаудың жобалық ұсыныстары мен ұсынылатын материалдарды рәсімдеуге қойылатын талаптардың құрамы:
- Масштабы 1:10 жоба эскизі (мүсін композициясы);
- Масштабы 1:200 бас жобасы (сызба жобасы);
- Ескерткіштің (мүсіндік композицияның) 2 қасбеті және 1:20 масштабты 1 перспектива;
- Түсіндірме жазба.
Жобалар өлшемі 60х80 см планшетпен ұсынылады. Графикалық орындау әдісі – макеттің түсі, техникасы және материалы – автордың қалауы бойынша.