«Қазақстан халқына» қорындағы қаржы әуелі ауыр дертке шалдыққан балаларды емдеуге жұмсалады. Қордың баспасөз хатшысы Әлібек Әбділов 24Хабар арнасына берген сұхбатында осылай деді.
Қазір тізімде 36 науқас бала бар. Кейбіріне қымбат дәрілер қажет болса, енді біріне операция жасау керек. Жиналған ақша алдымен осы балалардың еміне жұмсалады. Қаражат алдағы аптада бөлініп қалуы мүмкін. Олар арнайы комиссияның шешімін күтіп отыр. Қазір қорда 117 млрд теңгеден аса қаржы жиналған. Мамандар қордан бөлінетін қаражат мұқтаж адамдардың жеке өзіне берілмейтінін ескертіп отыр. Олар қажет дәріні өздері сатып алып береді немесе операция жасайтын аурухананың шотына аударады.
Әлібек Әбділов, «Қазақстан халқына» қорының баспасөз хатшысы:
– Біз сирек және орфанды аурулармен ауыратын балаларға басымдық беріп отырмыз. Осы бойынша жақын арада алғашқы шешімдердің бірі шығады. Бұл шешім Қазақстан халқының көңілінен шығады деген ойдамыз.