Қызылордалық жайдарманшы Асылхан Дүкенбаев балаларды велосипедпен мектепке апарып-әкеліп жүрген әкеге көлік сатып алу үшін қайырымдылық акциясын ашқан еді. Бүгін міне, 8 миллионнан астам қаражат жиналып, қамқор әке темір тұлпардың иесі болды.
Айта кетейік, жақында Қанат есімді Қызылорда қаласының тұрғынының суыққа қарамастан балаларын велосипедпен мектепке апарып жүрген бейнежазбасы желіде тараған.
Қанат — 2 баланың әкесі. Осы уақытқа дейін вахтада жұмыс жасаған. Кейіннен жұмыстан қысқарып, қазіргі таңда күзетші болып қызмет атқарады.
«Видео желіде осындай ауқымды талқыланады деп ойламадым. Алғашында тіпті осыған байланысты ашуландым. Бірақ адамдар біз туралы жылы лебіздерін білдірген пікірлерді оқып, көңілім орынына түсті», — дейді Қанат.
Асылхан Дүкенбаевтың айтуынша, халық Қанаттың отбасына үй алуға қаражат жинап бастаған. Бірақ қызылордалық азамат үй алу үшін ақша жинағысы келген адамдардың ниетінен бас тартқан.