Егер есте сақтау қабілетіңіз нашар және ол аурумен байланысты болмаса, онда бұл мәселені өздігіңізше шеше аласыз. Massaget.kz сайты есте сақтауды жақсартуға көмектесетін 3 пайдалы әдет жайлы жазды.
Үнемі жаңа нәрсе үйрену
Біздің миымызға үйренуден жақсы белсенділік жоқ. Жаңа ақпаратты білу немесе басқа дағдыны үйрену кезінде мида жаңа нейрондық байланыстар түзіледі. Есте сақтауды жақсарту үшін және жалпы ми жұмысына пайдасы тию үшін кез келген нәрсені үйренуге болады: оған қытай тілін меңгеруден бастап теннис ойнап үйренуге дейін бәрі жатады. Бастысы, тоқтаусыз жаңа ақпарат келіп, өңделуі керек. Шығармашылық дағдыларды игеру де есте сақтауды жақсартуға көмектеседі. Бұрыннан нені үйренгіңіз келді? Жаңа ақпарат беретін кез келген белсенділікті меңгеру арқылы жағымдыны пайдалымен үйлестіре аласыз.
Күнделік жазу
Егер бұрын күнделік жазбаған болсаңыз, бұл әдетті қолға алыңыз. Өз ойларыңызды реттеп, жазбаша түрде жеткізу — ми үшін керемет жаттығу. Күнделікке күніңіздің қалай өткенін, оқыған кітаптан немесе көрген фильмнен алған әсеріңізді, бизнеске арналған идеяларыңызды және басқа да ойыңызға келген кез келген нәрсені жазуға болады. Оны қолмен әдемі блокнотқа немесе компьютерге теру арқылы жазыңыз. Сондай-ақ ойларыңызбен бөліскіңіз келсе, оны инстаграмға жүктеген суретіңіздің астына да жазуға болады. Алайда оны жүру барысында телефон ескертпесіне жылдам жаза салатын жазбамен шатастырмаңыз. Ми белсенділігін арттыру үшін және есте сақтауды дамыту үшін тыныштықта отырып, бір-бірімен байланысты түсінікті мәтін жазу керек.
Рационда пайдалы майлардың болуын қадағалау
Үйлесімді тамақтану тек ми жұмысы үшін ғана емес, жалпы ағза үшін маңызды. Дегенмен, дәл осы органға майлар өте қажет. Әрине, ақуыздар мен көмірсулардан да ми жақсы жұмыс істейді, бірақ мұндай тиімді емес. Ғалымдар ми жұмысы мен когнитивті қабілеттерге шынымен де әсер ете алатын тиімді зат ретінде омега-3 майлы қышқылдарын атады. Олар ми жасушаларында жарғақшалардың түзілуіне және қабыну процестерін алдын алуға қажет. Статистикаға сәйкес, омега-3 қышқылдарының жетіспеуі мен жас ұлғая келе есте сақтаудың және когнитивті қабілеттердің кенеттен нашарлау қаупінің арасында байланыс бар. Омеганы тамақтан жеткілікті мөлшерде алуға болады. Бастысы, рационыңызда майлы балық, жаңғақтар, зәйтүн майы болуын қадағалаңыз.