Ресей мен Украина арасындағы жанжал біздің елдегі біраз салаға кері әсер етеді. Оның ішінде автомобиль де бар. Бұл туралы kolesa.kz жазды.

Мәселе теңгенің долларға қатысты бағамы рубльге тәуелді екенінде ғана емес, біздің нарықтың көрші елдегі жеткізушілермен тікелей байланысты екенінде болып отыр.

Сондықтан жергілікті салондар машина бағасын құбылтуға бейім. Бұл заңды да, өйткені шетелдік машина мен оның жабдықтары шетел валютасымен сатып алынады. Теңге құнсызданған сайын, көлік бағасы шарықтайтыны күмән тудырмайды.

Егер өткенге көз салып, кейбір модельдердің бағасындағы өзгерісті бағамдасақ, бірнеше жылда көліктің долларға шаққандағы құны сәл-пәл артқаны байқалады.

Мысал ретінде Lada Granta-ны қарастырайық. 2012 жылы седан үшін 1 186 000 млн теңге немесе 8000 доллар сұралатын. 2019 жылы модель жаңарғанда, 3 095 000 теңгеден саудаланды, ал доллармен есептегендегі бағасы небәрі 160-қа өскен. Биылғы қаңтарда «Грантаның» ең арзаны 3 665 000 теңгеге сатылды (8405 доллар).

Көлік бағасында қандай өзгеріс болады

Нәтижесінде 10 жылда машина америкалық валютамен 5.1 %, ал теңгемен 209 % қымбаттаған.

Егер доллар бағамы 500 теңге деңгейінде тұрақтайды деп болжасақ, онда «Грантаның» бағасы 4.2 млн теңгеден басталатын болады.

Тағы бір мысал — Toyota Camry XV70. Соңғы буыны ел нарығына 2018 жылы шыққан. Сол жылғы шілдеде қарапайым Camry 8 990 000 теңгеге (26 363 доллар) бағаланды. 2021 жылы модель жаңарды, ал биылғы ресми баға тізімінде 2 литрлік моторы бар ең арзан машина 13 400 000 теңге тұратыны жазылған. Ақпанның басындағы бағам бойынша 30 911 доллар. Нәтижесінде доллармен — 17.3 %, теңгемен 50.7 % өсім көрсеткен.

Көлік бағасында қандай өзгеріс болады

Қазақстанда CKD әдісімен жасалатын машиналарды елдегі мамандар дәнекерлеп, шанағын бояйтын болса, көлік құны өзгерер ме екен? Сондай көліктердің бірі — Hyundai Accent.

Көлік бағасында қандай өзгеріс болады

2016 жылы Ресейде жасалған седанды алғандар 3 700 000 теңге (10 922 доллар) жұмсаған. Қазір ондай жиынтықтағы көлік жоқ, сол себепті 1.4 литрлік моторы мен механика қорабы бар қымбатырақ машинаны қарастырамыз. Сол кезде прайс бойынша оның құны 4 280 000 теңге (12 634 доллар) шамасында болды. Бес жыл ішінде Accent рестайлингтен өтіп қана қоймай, Қостанайда, кейін Алматыда шығарыла бастады, бағасы да өсті. Биыл қаңтарда Active Plus нұсқасы үшін 6 390 000 теңге (14 655 доллар) сұралды. Есептей келе, көліктің 2016 жылдан бері доллармен 16 %, ал теңгемен 49.3 %-ға өскенін аңғарамыз.

Импорттаушылар мен сатушылардың да өнім құны барынша тұрақты болу үшін құрған жоспарлары бар, алайда оны ұстап тұру оңай шаруа емес. Прайс бүгін-ертең жаңармаса да, бір-екі айда өзгеретіні анық. Ешкім автомобильді шығынын ақтамайтын бағада ұсынбайды.

Көліктің қымбаттауы бізді толғандыратын жалғыз мәселе емес, көрші елге салынып жатқан сансыз санкция салдарынан біздің автосалондар Ресейдегі дистрибьюторлар арқылы келетін біраз модельден қағылуы мүмкін. Бұл тізімде Jaguar, Land Rover, Nissan, Mitsubishi, Renault және Volkswagen маркаларына тиесілі модельдер бар.

Көлік иелері шетелден келетін қосалқы бөлшек пен май, сүзгі, салқындатқыш сұйықтық секілді дүниелер де қымбаттайтынына дайын болуы керек.