Қарағанды облысында оқу орындарының түлектері мен NEET санатындағы жастардың жұмыссыздығы мәселесі «Жастар практикасы» және «Алғашқы жұмыс орны» жобаларының көмегімен шешіледі. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен онлайн-брифингіде айтылды.
Биыл аталмыш бағыттар бойынша 1 мыңға жуық адамды жұмыспен қамту жоспарланып отыр.
«Біздің өңір жастары үшін негізгі әлеуметтік мәселе жұмысқа орналастыру болып табылады. Жұмыспен қамту үшін «Жастар тәжірибесі», «Алғашқы жұмыс орны», «Жасыл ел» бағдарламалары сияқты жобалар жұмыс істейді», — деп атап өтті Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Біржан Әлімжанов.
Жастар практикасы уақытша жұмыс орындарын құру арқылы ұйымдастырылады. Ол оқуын аяқтағанына үш жыл болмаған және 29 жастан аспаған жұмыссыз түлектерге арналған.
Үміткерлер үшін алғашқы еңбек орнын жұмыс беруші құрады. Жалақыны мемлекет субсидиялайды. Жоба қатысушысы 29 жастан аспаған жастар, оның ішінде жұмыс тәжірибесі мен білімі жоқ NEET санатындағы жастар болып табылады.
«Биыл осы жобалардағы шарттар өзгертілді. Осылайша, «Жастар тәжірибесіне» қатысу ұзақтығы 6 айдан 12 айға дейін және еңбекақы мөлшері 25-тен 30 АЕК-ке дейін ұлғайтылды. 2022 жылы практикамен 721 адамды қамту жоспарлануда. «Алғашқы жұмыс орнында» да қатысу ұзақтығы 12 айдан 18 айға дейін және еңбекақыны субсидиялау мөлшері 20-дан 30 АЕК-ке дейін ұлғайтылды. Осы жоба бойынша биыл 238 адам жіберуді жоспарлап отырмыз», — деді Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Мұхтар Төлеу.
Айтылған бағыттар бойынша жұмысқа орналасу үшін Жұмыспен қамту орталықтарына немесе enbek.kz/ электрондық еңбек биржасына жүгіну қажет.
Естеріңізге сала кетейік, «Жастар тәжірибесі» мен «Алғашқы жұмыс орны» барлық меншік нысанындағы кәсіпорындар мен ұйымдарда ұйымдастырылады. Бұл ретте салық және әлеуметтік аударымдарды тұрақты жүргізетін, жалақысы бойынша берешегі жоқ және бір жылдан астам қызмет істейтін жұмыс берушілер қатысуға жіберіледі.