Дәстүрлі дебат турнирі Нұр-Сұлтан қаласының жоғары және орта арнаулы оқу орындарының студенттері арасында басталды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
«NUR-SULTAN DEBATE CUP-2022» турнирі – «Астана жастары» КММ ауқымды жобаларының бірі. Оның мақсаты – жастардың бәсекеге қабілеттілігі мен көшбасшылық қабілеттерін дамыту.
«Бізде дебаттар дәстүрлі форматта өтеді. Еуразия ұлттық университетінің бас ғимаратында студенттер арасындағы жарыстың 5 маусымының ашылу салтанаты өтті. Биыл дебат ойындарына елорданың 16 жоғары оқу орны мен 35 орта оқу орнының студенттері қатысады. Жылдан жылға қатысушылардың қатары артып келеді, және де студенттер өзін өзі дамытудың жаңа кеңістіктерін аша отырып, пікірталастарға қызығушылық танытуда», – деді «Астана жастары» КММ бөлім басшысы Арайлым Сапарәлі.
Турнир вакцинация, жаңа Қазақстандағы жастардың рөлі, әйелдердің зейнет жасын төмендету, мемлекеттік рәміздердің 30 жылдығы, Мәншүк Мәметованың 100 жылдық мерейтойы тақырыптарын қамтиды.
Дебат ойындары ақпан-қараша аралығында өтеді.