Қарасай ауданындағы рұқсат етілмеген қоқыс алаңы тазартылуда

1373

Қарасай ауданындағы рұқсат етілмеген жерге қордаланған қоқыс алаңы бір айдың ішінде толықтай тазартылады. Бұл туралы облыс әкімі Амандық Баталовтың Қарасай ауданына жасаған жұмыс сапары кезінде берген тапсырмасынан белгілі болды, – деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметінен.

Өңір басшысы қазіргі уақытта аумағы қоршалып, жабық тұрған Жалпақсай ауылында орналасқан қоқыс алаңында болып, облысқа қарасты барлық аудан, қала аумақтарындағы санитарлық жағдайды тез арада қалпына келтіруді тапсырды. Және де облыстағы барлық рұқсат етілмеген күл-қоқыс алаңдарын жоюға бағытталған шараларды күшейтуді қатаң ескертті.

– Мына қоқыс алаңының көзін тез арада жою керек. Атқарылар жұмыс ауқымды, десек те барлық жұмыстарды бір айдың көлемінде аяқтауларыңыз қажет. Осы іспен қатар облыстағы барлық қоқыс алаңдарын жоюды қолға алыңыздар. Осындай ашық-шашық қоқыс орындары азаматтардың денсаулығы мен өңірдің экологиялық жағдайына кері әсерін тигізеді. Сол себепті аталған жұмысқа зор жауапкершілікпен қараңыздар, – деді А. Баталов.

Сонымен қатар облыс әкімі аудандағы қоқыс алаңын толығымен тазартумен айналысатын «Таусамалы» МҚК қызметкерлерін қажетті техникамен қамтамасыз етуді аудан басшылығына тапсырды. Ал облыстық және аудандық жауапты мекеме басшыларына қандай да бір орында осындай қоқыс алаңдары пайда бола бастаған жағдайда, дереу хабарлауды ескертті. Рұқсат етілмеген жерлерде қоқыс алаңдарының пайда болуына жол берген азаматтардың ісімен қаржы полициясы мен прокуратура қызметкерлері айналысатындығын баса айтты.

Естеріңізге салар болсақ, рұқсат етілмеген қоқыс алаңдарының мәселесін түбегейлі шешу мақсатында, облыс аумағында қоқысты өңдеу саласын белсенді түрде дамыту шаралары қолға алынған. Мәселен, бүгінгі күні «Алматы облысының аумағындағы қоқыс қалдықтарын басқарудың өңірлік жүйесінің» техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленді. Соның шеңберінде мемлекеттік – жекеменшік әріптестік механизмдерін қолдана отырып 16 қоқыс сұрыптау кешенін, 13 қоқысты қайта жүктеу стансаларын, 16 полигон мен 3 қоқыс өңдеу зауытының құрылысын жүргізу жоспарланған.