Күзде бет терісін қалай күтеміз?

3995
beautiful young woman removes makeup with face skin cotton pad

Күз келіп, күн суыған сайын әйел затының «бас мәселелері» көбейе бастайды. Гардеробын жаңарту керек, сәннен қалмауы керек, бет күтімін ұмытпау керек. Бет терісі адам денесінің ең нәзік жері болғандықтан кез келген жыл мезгілінде оған күтім қажет. Әсіресе күзде бет күтіміне ерекше мән берген жөн. Көктем мен жазда қолданған кремдеріңіз күзгі ауа райына сәйкес келмейді. Өйткені күзде ауа райы жиі құбылады. Бір күні жарқырап күн шықса, бір күні ұйытқып жел тұрады, кейде төгіліп жауын жауады. Жиі ауысатын ауа температурасы, ылғалдылық, жел секілді факторлар бет терісінің бұзылуына алып келеді. Сондықтан, қыздар, күзде бет терімізді жақсылап күтуіміз керек!

Бет терісі құрғақ қыздарға күзде көп еңбектенуге тура келеді. Жазғы кремдерді ысырып, құрамында Е, С витаминдері көп косметика бұйымдарын қолданған жөн. Әсіресе нәзік теріні желден қатты қорғау керек. Дұрыс күтілмеген терінің беткі қабығы желдің әсерінен құрғап, өлі клеткалар жиналып қалады. Сондықтан аптасына бір-екі рет скраб, маска қолданып, тұрақты түрде крем жаққан жөн.

Ал сезімтал терінің иелеріне скрабты сирек қолдануға кеңес береміз. Күздің құйтырқы мінезімен күресіп жүрген теріні одан сайын скрабпен қинауға болмайды. Сезімтал тері күзде тез қалпына келе алмайды. Сондықтан хош иісті, дәрумені мол крем жағып, бет теріңізді жиі еркелетіп тұрыңыз.

Ал терісі қалыпты, майлы немесе аралас типті қыздарға күз мезгілінде қызығып қарауға болады. Олар өзгелер секілді аса қатты қинала қоймайды. Дегенмен жалпы бет күтімін ұмытпай, тұрақты күтім жасап тұрған дұрыс.

Айман Сырлыбай