Домой Блог Страница 39

БҰҰ-ның Қазақстандағы үйлестіруші Н.Шимомура Шымкентке келді

bf874231-f9c9-462e-abca-83dd19c69aa5Кеше Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев БҰҰ Қазақстандағы тұрақты үйлестірушісі, БҰҰ «Даму» бағдарламасының тұрақты өкілі Норимаса Шимомура бастаған делегатпен кездесті, деп хабарлайды ОҚО әкімінің баспасөз қызметі.

Делегация мүшелерімен болған жиында ҚР Үкіметі мен БҰҰ Бірлескен бағдарламаларын іске асыру барысындағы жасыл энергетика, қоршаған ортаны қорғау, өңірлік ынтымақтастық, аумақтық даму және тиімді басқару аясындағы жобалар жайы қаралды. Жоғарыда аталған жобалар бүгінде облыста жүзеге асырылып жатқанын айтқан әкім халықаралық деңгейде тәжірибесі мол ұйыммен әрбір бағыт бойынша бірлесе жұмыс жасап, одан әрі дамыту өңіріміз үшін тиімді болатынына сенім білдірді.

«Баламалы энергия саласын дамыту бағытында  27 жоба іріктеліп, 10 жоба нақты жүзеге асуда.  Ал энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласында ҚР Инвестициялар және даму министрлігі мен облыс әкімдігі және «Шымкент-цемент» АҚ арасында үш жақты келісім жасалды. Бұл өз кезегінде бес жыл ішінде энергия тұтынуды 15 пайызға азайтуға мүмкіндік беретін болады»,-деді облыс әкімі.

Отырыста БҰҰ ДБ тұрақты өкілі Норимаса Шимомура қоршаған ортаны қорғау мақсатындағы жобаларды жүзеге асыруда Қазақстан Үкіметі үлкен қолдау білдіріп отырғанын айтып, бүгінде бірқатар жобалар республика өңірлерінде сәтті іске асып жатқанын жеткізді.

«Шығыс Қазақстан, Қызылорда және Маңғыстау облыстарында жоғарыда аталған жобалар табысты жұмыс жасап келеді. Осы бағыттағы жұмыстарды Оңтүстік өңірінде де іске  асыруда бірлесе жұмыс жасауға ниеттіміз. Мәселен,  Шымкент осы бесжылдық жоба аясында іріктеліп алынған 15 пилоттық қалалардың бірі болып табылады. Осындағы қала инфрақұрылымы  мен тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы және энергетика, көлік сынды жобаларды анықтауға, оларды әзірлеуге және іске асыруға жәрдемдесуге дайынбыз»,- деді Норимаса Шимомура.

Оңтүстік Қазақстан — халқы көп облыс болғандықтан проблемада жоқ еместігіне тоқталған аймақ басшысы,  алдағы уақытта ұсынылған бағдарламалар бойынша тығыз байланыста жұмыс жасалатынына сенім білдірді.

Оңтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапарымен келген делегаттар облыстағы қолөнер орталығының жұмысымен танысып, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік университетімен бірлескен «БҰҰ еріктілер бағдарламасы» жастар форумына қатысады деп жоспарлануда.

ОҚО-да этнос өкілдері ағаш көшеттерін отырғызды

25-3Шымкент қаласындағы «Қазына» этно-тарихи кешені аумағында өңірдегі түрлі этномәдени бірлестіктердің төрағалары мен белсенді мүшелері ағаш көшеттерін отырғызды, деп хабарлайды ОҚО әкімінің баспасөз қызметі.

Этнос өкілдері бұл бастаманы облыс әкімі, ОҚО Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы Жансейіт Түймебаевтың ұлысымыздың ұйытқысы Оңтүстікті жасыл желекке айналдыру туралы байыпты бастамасына қолдау білдіру деп айтады.

Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған игі шараға облыстық ассамблея хатшылығының меңгерушісі М.Қалмұратов, ОҚО ҚХА жанындағы Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы О.Рахманбердиев қатысты.

Шараға атсалысқан ассамблея мүшелері көшет отырғызған аймақты «Достық аллеясы» деп атау жөнінде ұсыныс білдірді.

Этностарды қоғамдық бастамаларға ұйыстыру, қазақстандық біртектілік пен бірлікті нығайту, патриотизмді дамыту, халқымыздың рухани-мәдени ортақтығы негiзiнде қоғамдық келiсiмдi қамтамасыз етуді мақсат еткен игі шара алдағы уақытта да жалғасын таппақ.

Техникалардың қысқа дайындығы пысықталды

dsc_9626Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ж.Бөкенбаев «Қыс-2016» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығу жұмыстарына қатысатын  «Қазақавтожол» РМК Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалындағы жол техникаларының қыс мезгіліне дайындығын тексерді. Бұл жұмыстарға ОҚО ТЖД басшысы Н.Дербисов, департамент бастығының орынбасары, полковник Б.Сопбеков пен жол-патрульдік полициясының қызметкерлері де қатысты, деп хабарлайды ОҚО әкімінің баспасөз қызметі.

Бұл іс-шараның мақсаты – қыс мезгіліне инертті материалдардың қорын және қыс мезгіліндегі төтенше жағдайларда авариялық-құтқару жұмыстарына жол-пайдалану техникаларының дайындығын тексеру, арнайы техниканың жұмысқа жарамдылығын және техникалық жағдайын анықтау, облыстық асуларда орналасқан жылыту пункттерінің дайындығын көріп шығу болып табылады.

Айта кету керек, «Қазақавтожол» РМК Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалының құрамына барлығы 3 жол-пайдалану басқармасы кіреді. Жалпы техниканың саны 59 бірлік (шнекоротор, автосамосвал, автогрейдер, бульдозер, погрузчик т.б.). Олардың барлығы республикалық манызы бар автомобиль жолдарында жұмыс жасауға арналған. Сондай-ақ, басшылық тарапынан уақытша жол белгілері дайындалған («Тайғақ жол», «Максималды жылдамдылықты шектеу» және т.б.). Оларды республикалық манызы бар автожолдарда орнатады.

Дайындық көрсетілімі барысында бекітілген жол учаскелерінде қызмет көрсету мәселесі, сондай-ақ қыс мезгілінде қауіпті метеорологиялық құбылыстардың пайда болуына байланысты төтенше жағдайлардың алдын алу және жою бойынша сұрақтар пысықталды.

Қысқа дайындық барысында анықталған барлық кемшіліктер облыстық төтенше жағдайлар комиссиясының отырысында қаралмақ.

Алматы облысындағы Сарыөзек-Көктал тасжолының бір бөлігі жабылды

20161117001406Алматы облысындағы Сарыөзек-Көктал тасжолының 40-шы және 80-шақырым аралығындағы жол жабылды.

«Қазір аталған бағытқа қатынап жатқан жүк таситын көліктерге шектеу қойылды. Арнайы бригада жұмыс істеп жатыр. Қарды аршу жұмыстары жалғасуда», — деді Алматы облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз хатшысы Азамат Жұртбаев.

Айта кетелік, бұған дейін Кербұлақ ауданының бірнеше ауылының тұрғындары жарықсыз қалған болатын. Мәселен Алтынемел ауылының халқы 4 күн бойы жарықсыз отырды. Мұндай жағдай Қоғалы ауылында да болды. Себеп — ауа-райының қолайсыздығына байланысты электр сымдары үзілген.

Қазір төтенше жағдайлар қызметінің мәліметінше, аталған елді мекендерде жағдай тұрақты. Барлық ауылдарға жарық берілген.

ҚазАқпарат

Биыл Алматы облысында 400-ден аса адам жол-көлік оқиғасынан көз жұмды

20161116144642Алматы облысының полицейлері тұрғындарды қыс мезгілінде жолда өте сақ болуға шақырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Биыл жыл басынан бері облыс жолдарында 400-ден аса адам қаза тауып, 2000-нан астамы түрлі жарақат алған.

«Мейлі сен көлік жүргіз, мейлі жаяу жүргінші бол жауапкершілік жүгі бәріне бірдей»,- деді брифинг барысында облыстық ІІД жергілікті полиция қызметі басшысының орынбасары Шыңғыс Сабыров.

Биыл жаяу жүргіншінің кінәсінен өңірде 203 көлік апаты тіркелді. Оның 25 жағдайында жаяу жүргіншілер мас болған. Ал облыс аумағында ең апатты, қауіпті аймақ деп «Алматы-Бішкек», «Алматы-Көкпек-Көктал» және «Алматы-Өскемен» республикалық маңызы бар жолдары белгіленіп отыр. Сондай-ақ тәртіп сақшылары авто және таксопарктерде кадр саясатын қатаңдатуды талап етуде.

Себебі тек қоғамдық көлік жүргізушілерінің қатысуымен 2016 жылы өңірде 28 жол-көлік оқиғасы болған. Ол жерде 10 адам қаза тауып, 50-ден астамы түрлі дене жарақаттарын алған. Жергілікті полицияның мәлімдеуінше, көп жағдайда он және одан да көп жолаушы таситын автобустарды тәжірбиесі мен жүргізушілік өтілі аз азаматтар тізгіндейді.

 

Биыл Алматы облысында туу көрсеткіші жоғары

20161116203852Биыл Алматы облысында туу көрсеткіші жоғары. Облыстық перинаталдық орталықта жыл басынан бері 5200-ден аса сәби дүниеге келді. Олардың басым бөлігі — ұл балалар.

Ұлды болғандардың  бірі — Эльвира Нұғманова. Үш қызынан кейін көптен күткен ұлдары дүниеге келді. Атасы ырымдап немересін Ақберен деп атапты.

«Баланың салмағы 4кг 200 гр. Бойы 56 см. Көп балалы ана атанып жатырмыз. Өте қуаныштымыз», — дейді талдықорғандық Эльвира.

Талдықорған қаласындағы облыстық перинаталдық орталықта күніне 20-ға жуық әйел босанады. Аталған перзентхана  облыстың 7 ауданы мен 2 қаласына қызмет көрсетеді. Мұндағылар үшін бір сәтке де тыным жоқ. Уақытынан бұрын босану, жоспарсыз жүкті болу сынды жайттар жиілеген. Салдарынан 700 грамм салмақтағы сәбилер дүниеге келіп жатыр. Сол себепті, әр жүктілікті жоспарлау керек деп, дәрігерлер кеңес береді. Және жылда-жылда жүкті болу ананың да баланың да денсаулығының төмендеуіне әкеледі, дейді Алматы облыстық перинаталдық орталығының директоры Қалихан Жұмашев.

Сонымен қатар,  көп жағдайда жас аналар босануға дайын болмай келеді екен. Арнайы сабақтарға қатыспайды, салдарынан толғақ кезінде қиналады. Сондай-ақ соңғы жылдары кесір тілігі арқылы босанатындар саны да күрт көбейді. Себебі өздігінен босануға аналардың ағзалары әлсіз. Бұл өз кезегінде нәзік жандылардың өз денсаулықтарына немқұрайлық танытуынан болып отыр дейді мамандар.  Дегенмен, қазір озық технологиялардың арқасында бала мен ана өмірін сақтап қалуға барлық жағдай қарастырылған.

ҚазАқпарат

Елорданың көрікті жерлерін ақшыл көк түспен жарықтандырылады

c-5Астанада «Бәйтерек» монументі, «Хан Шатыр» сауда, ойын-сауық орталығы, «Сарыарқа», «М 2» көпірі ақшыл көк түске боялады, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі.

Жыл сайын 17 қарашада бүкіл әлемде Халықаралық шала туған балалар күні атап өтіледі. Осы күні халықты мерзімінен бұрын босану туралы ақпараттандыру және мерзімінен бұрын туған сәбилердің қажеттіліктеріне назар аудару мақсатында сәулет құрылыстарын жарықтандыру акциялары өтеді.

Осы күні, сондай-ақ, Нью-Йорктегі Эмпайр-стейт-билдинг  және Ыстамбұлдағы Босфор көпірі ақшыл көк түспен жарықтандырылады, ал көптеген танымал тұлғалар ақшыл көк түсті киім киіп шығады.

Еске салсақ, бүгінгі күні елордала 466 төсек орынға есептелген үш перинатальды орталық және 45 төсек орынға есептелген University Medical Center корпоративтік қорының филиалы Ана мен бала Ұлттық ғылыми орталығы жұмыс істейді. Аталған мекемелерде елордалық және аймақтардан келген жүкті әйелдерге, босанғандарға және жаңа туған нәрестелерге білікті медициналық көмек көрсетіледі.

Босанатын әйелдерге дәрігерлік жәрдем беру шараларын күшейту шаралары белсенді түрде жүргізілуде, қала әкімдігі соңғы бес жылда 1300 құрал-жабдық пен санитарлық көліктер сатып алған.

Астанада Қ. Қуанышбаев атындағы театрдың 25 жылдығына арналған кеш өтті

c-4«Астана» концерт залының сахнасында Қалибек Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының 25 жылдығына арналған гала-концерт өтті, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі. Елорда әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылған шараға мәдениет пен өнер саласының көрнекті қайраткерлері, жастар ұйымдарының өкілдері және елорда тұрғындары мен қонақтары қатысты.

Театрдың шығармашылық ұжымына өркендеу мен жемісті жұмыс тілеген Мемлекет басшысының құттықтау хатын Астана әкімі Әсет Исекешев салтанатты жағдайда оқып берді.

«Қалибек Қуанышбаев атындағы театр – Астананың белгілі және алдынғы қатарлы мәдениет орталықтарының бірі. Театр қызмет еткен жылдары отандық және әлемдік драматургияның түрлі жанрдағы озық туындыларын сәтімен сахналап, Астана көрермендері мен келуші қонақтардың ыстық ықыласына бөленіп үлгерді. Қала әкімдігі театрдың дамуына ерекше көңіл бөліп отыр және оның артистеріне әлеуметтік-материалдық көмек көрсетуде. Шығармашылық ұжымға жаңа белестерді бағындыруды тілеймін», – деп атап көрсетті Әсет Исекешев театрдың көркемдік жетекшісі Талғат Теменовке ҚР Президентінің құттықтау хатын табыс ете отырып.

Театрдың 25 жылдығына арналған шаралар 15-16 қараша күндері өткізілуде. Мерекелеу барысында елорда тұрғындары мен қонақтарына мазмұнды мәдени бағдарлама ұсынылады, оның шеңберінде режиссер Ж. Омаровтың, Қазақстанның халық артисі және режиссері Қ. Жетпісбаевтың, Халық қаһарманы, режиссер Ә. Мәмбетовтың шығармашылығына арналған «Қуанышбаев театрына – 25 жыл» тақырыбында дөңгелек үстел өткізу жоспарланған. Сондай-ақ, театртанушы Сәуле Әбединованың театр өміріне арналған «Театрға Тағзым» кітабының тұсаукесері өтті.

Қалибек Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің құрдасы болып табылады. Қызмет еткен жылдар ішінде театр сахнасында әлемнің ең үздік шығармалары мен отандық драматургтардың туындылары қойылды. Шығармашылық ұжымның қоржынында Мысыр, Германия, Ресей, Иран, Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан елдерінде өткен театр фестивальдерінің көптеген марапаттары бар.

Балқаш ауданы ет өндірісіне бет бұруда

d3711c337623893574baaae9f3f05243«100 нақты қадам» Ұлт жоспарының ет өндіру мен өңдеу ісін дамыту туралы тапсырмасына орай Балқаш ауданында іргелі жұмыстар атқарылуда. Аудан әкімі Ғалым Тоқпейісовтің айтуынша, бүгінгі күнге дейін аудан ішкі нарыққа 1038 тонна сиыр еті өткізген. Өткен жылы «Жақсылық» шаруа қожалығы Қырғыз еліне экспортқа ет шығарды.

Осы аудандағы «Дархан» шаруа қожалығы жеке қаражаты есебінен 12 млн. теңгеге 200 бас ірі қараға арналған мал бордақылау алаңын салып жатыр.

Отбасылық шаруашылық түрлдерін қолдау аясында «Игілік — 2009» шаруа қожалығы 30 басқа, «Аңсар» шаруа қожалығы 40 басқа арналған отбасылық бордақылау алаңдарын құрып, жұмыс істеуде.

Универсиадаға БАҚ өкілдерін тіркеу басталды

70221a28370913c6fb4574e5ce2702b9XXVIII Дүниежүзілік қысқы Универсиаданың өту барысын насихаттайтын БАҚ өкілдері үшін аккредитацияға өтініш қабылдау басталды. БАҚ аккредитациясына өтініштер 2016 жылдың 29 желтоқсанына дейін қабылданады. Халықаралық және отандық БАҚ өкілдері үшін аккредитациядан өту Ойындардың almaty2017.com ресми сайтында  орналасқан «БАҚ аккредитациясы» бөлімінде жүзеге асырылады.

Тіпкелушінің аккредитациядан өткендігі туралы мәліметті электронды поштасына келетін ресми растау арқылы білуіне болады.

Аккредитациядан өткен шетелдік БАҚ өкілдері үшін виза алу жолдары жеңілдетіледі. Бұл үшін олар  аккредитациядан сәтті өткенін растайтын жазбаны өз еліндегі Қазақстан Республикасының елшілігіне көрсетуі тиіс.

Жарысқа және Универсиаданың басқа да шараларына бару үшін тіркелуші өз есімі жазылған бейджді Алматы қаласы, Байзақов 280, 1-қабат  («Almaty Towers») мекенжайында орналасқан Аккредитация ортағына барып алуы қажет.

Аккредитация орталығы 2017 жылғы 10 қаңтар мен  8 ақпан аралығында сағат 9:00 мен 21:00 аралығында жұмыс істейді. Ойындар уақытында 8 баспасөз-орталығы жұмыс істейді. Қосымша ақпаратты + 7 727 2647113, + 7 727 2646737, + 7 727 2647112, +7 727 3132358 телефондары арқылы немесе pressaccreditation@almaty2017.kz электронды поштаға хат жазу арқылы алуға болады.