Ақнұр Бекназар: Салалық кәсіподақ – жұмыс беруші мен жұмысшы арасындағы көпір

3022

– Ақнұр, алдымен салалық кәсіподақтың басты функцияларына тоқталып өтіңізші…

-Кәсіподақ қоғамдық бірлестік нысанында құрылған коммерциялық емес ұйым болып табылады және өзінің қызметін ҚР аумағында Қазақстан Республикасының Конституциясына, Заңдарына, жалпы қабылдаған халықаралық құқық нормаларына және Жарғыға сәйкес жұмыс жасайды.

Салалық кәсіподақ – жұмыс беруші мен жұмысшы  арасындағы көпір қызметін атқаратын ұйым.  Жұмысшыны қызмет барысында келеңсіздіктер мен қандай да мәселелер толғандырса, шарттан тыс тапсырмалар жүктесе жұмыс беруші мекемемен байланысын реттеу –салалық кәсіподақтың негізгі бағыты.

Сондай-ақ, жастардың бос уақытын және спорттық жұмысты қолдау, еңбек, өндірістік-кәсіптік, сондай-ақ, әлеуметтік- экономикалық құқықтары мен мүдделерін қорғау қызметтерін атқарамыз. Сонымен қатар, Республикалық барлық жастар ұйымдарында жастар кеңестері бар, сол жастар ұйымдарымен тікелей байланыста қызмет атқарылады.

– Салалық кәсіподақ жастар арасында өз қызметін қаншалықты атқаруда? Жастардың қызмет барысындағы құқықарын, міндеттерін қай деңгейде қорғап жүрсіздер?

– Негізі көп ұйымдар студент жастармен жұмыс істесе, біз «жұмыстағы» жастармен байланыстамыз. Біздің ерекшеліктеріміздің бірі де сол. Жастар саясатының бағытында  жас мөлшері 29 жасқа дейін болса, кәсіподақта 35 жасқа дейін деп те есептелінеді. Статистика бойынша мүшелігімізде 2018 жылы 29 жасқа дейін 4891 адам болса, бұл есеп 2019 жылы 6390 өскен.

35 жасқа дейінгі санатты қарайтын болсақ, 2018 жылы10036 болса, 2019 жылы 10068 адам жұмыс жасайды. Сонымен қатар, республикалық іс-шараларға қатысып, салалық кәсіподақтың жұмысын дамытуға қатысты пікірлерін айтады. Қазір ұжымда жастардың санын одан әрі көбейтуді ойластырудамыз.  Өйткені, олар жұмысқа жаңа идея, жаңа серпін береді.

– Қай саланың жас қызметкерлері сіздердің одақтарыңыздың көмегіне жүгінуге қауқарлы?

– Жалпы Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясына қарасты 12 салалық кәсіподақ бар. Соның ішінде біз,  республика бойынша тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және құрылыс саласында жұмыс істейтін қызметкерлермен байланыстамыз. Қазіргі уақытта кәсіподақ құрамымызда  42 мыңнан астам жұмысшы бар.

– Басым көпшілігі қандай мәселелермен жиі шағымданады?

-Әртүрлі мәселелермен келеді. Өз құқықтарын қорғау сарындағы сұрақтарымен заңгер мамандардың көмегіне жүгінеді. Көбіне, шағымнан ғөрі ұсыныстармен келіп жатады және төрағамыз әрдайым қолдайды.

– Қызметкерлердің тәжірибелерін жетілдіріп, біліктіліктерін арттыру үшін жобалар өткізесіздер ме?

– Әрине. Шет елдерде ұйымдастырылатын форумдар мен семинарларға жібереміз. Республикалық іс-шараларды да жиі өткіземіз. Әр аймақтың жастарының қатысуымен жобалар өткізу үшін Нұр-Сұлтан қаласына жинау барысында кедергілер кездеседі. Мысалы, жұмысшылар құрылыс және коммуналдық шаруашылығы  нысаны болғандықтан,әрқашан жұмыс қарқынды болып, жұмыстан шыға алмайды. Сондықтан, біз аймақтарға іс-шаралар өткізу үшін өзіміз барамыз.

Осы мақсатта биыл, Батыс өңірлерінің жастарының басын Атырау қаласында, Оңтүстік және Шығыс Қазақстан өңірлерінің жастары үшін Қарағанды қаласында өткіздік. Шілде айында Оңтүстік өңірі жастары үшін Шымкент қаласында өткізуді жоспарлаудамыз.Семинар барысында жастарға жоба жазуды үйретіп, үздік жоба иелерін желтоқсан айында «Jan’a esim» жобасы аясында марапаттаймыз.

– Білуімше, жас депутат та болдыңыз. Болашақта да осы лауазымға ие болуды көздейсіз бе?

– Жалпы жастар саясатында 7 жыл жұмыс істеп келе жатырмын. Өзіме жүктелген міндетті абыроймен атқаруға тырысып келемін. Нәтижесі жақсы болғаннан болар, қазір салалық кәсіподақтың жастар кеңесінің төрайымы қызметінде 1 жыл көлемінде жұмыс атқарып келемін. Биік арман мен мақсаттарым бар, сондықтан ел құрметтейтін азаматша болып жатсам нұр үстіне, нұр болар еді.

Сұқбатыңызға рақмет!

Сұқбаттасқан Айдана Әлиарыстан