Жатақхана қызықтары (I бөлім)

7455

Әншілер

Жатақханада сағат 23.00-ден кейін залда топырлап жүруге немесе шулауға БОЛМАЙДЫ. Бұл – жазылған заң.

Міне, 402-інші бөлме. Дәлірек айтқанда, бұл – әншілер мен күйшілердің жиналған ордасы. Жатақханада біреудің туған күні бола қалатын болса, міндетті түрде сол мерекенің ортасында ән салып тұрған осы жігіттердің біреуін еш қиналмастан тауып алар едіңіз. Неге екені белгісіз бұлар бәріне ұнаса да, Гуля апайдың жүрегін жібіте алмай-ақ қойды. Міне, бүгін де сол кісінің кезекшілік күні. Екі өкпесін қолына алған Самат ішке жүгіріп кірді.

–Жігіттер, апай келе жатыр!

Бұған аңтарыла қарап қалған жеті жігіттің бірі:

–Марат, маған анау гитараны алып берші тезірек! Тез деймін.

–Оны қайтпексің?-деді Самат оған гитарасын беріп жатып.

–Бәріміз бірге ән айтамыз. Апай бұл жолы бізден не кемшілік табады екен. Он бірге әлі 10 минут бар. Қане, жігіттер, кеттік «Вахтеры»-ға!

–Кеттік, баста!

Көзілдірік киіп, қолына журнал ұстаған Гуля апай бұлардың есігін ашулана жұлқып ашты. Сегіз жігіттің хормен айтқан даусы залдың арғы басына дейін жетеді.

–Я помню белые обои, черная посуда

нас в хрущевке двое…

–Жігіттер, бұл не шу? Бұл не айқай? Қане, доғарыңдар тез!

 –Апай, біз айқайлап емес, ән айтып жатырмыз. Кешіріңіз, біз он бірден кейін шуламайтын едік, енді бес минутымыз қалды.

 Сөзден іркіліп қалған Гуля апай қол сағатына қарады да:

–Бөлмелерің таза ма? Кезекші қайда?-деді қабағын сәл түйіп.

–Кезекшілік жасалды. Бәрі тап-таза!

Жігіттер бөлмесінен ешқандай кемшілік таба алмаған апай есікті тарс жауып шығып кетті. Ал ән қайтадан жалғасты.

 –Белые обои, черная посуда…

Әсем Құлманова