Күзгі вальс

3316

1975 жылдың күзі еді. Жапырақтар сары түске боялып, кейде қаланы тұман басып, кейде Табиғат ана өкпелеп тұрғандай көк нөсер жауып, адамдардың көңіл-күйі де ауа райы секілді құбылмалы болып тұрған бұл мезгіл — мөлдір махаббатқа, кіршіксіз, нәзік сезімге, романтикаға толы. Ақындар дәл осы күзді муза етіп жырға қосқан, композиторлар әсем әуен жазған, ал әрбір тіршілік иесі оның әдемілігі, көркемдігіне таңдана қараған.

Биыл Мария 52 жасқа толады. Соғыстың аяқталғанына да 30 жыл. Ұлы Отан соғысы оны жастығынан, шат күлкісінен, алғашқы махаббатынан айырды. Сүйгеніңді соғысқа жіберу қандай қиын екенін тек қана Мария секілді жандар түсінеді. Сүйгенін соңғы рет көріп тұрғанын жас қыз сезбеді де. Сол кездесуден кейін Мария Антошаны мүлдем көрмеді. Бірақ солдат жігіттің бейнесі есінде жатталып қалды. Антошаның көздерінің жасыл түсі де ерекше еді. Оның жанарынан Мария жылулықты, махаббатты тапты. Бейнесін есінде сақтай алмаса да, жүрегінің түкпірінде сүйіктісіне деген махаббатын сақтап қалды.

Қазір Марияның бойынан жас кезіндегі шапшаңдық мен өмірге деген құштарлықты көре алмайсың. Оның мөлдіреген жанарынан бір мұңды байқауға болады. Алғашқы махаббатын сағынып, жастық шақтағы оқиғаларды есіне алғысы келіп, ол саябаққа апаратын жолмен ақырындап жүріп келеді. Кейде сәл кідіріп, терең тыныс алып, сол жерден ғажайыпты кездестіретіндей ерекше толқыныспен алдыға қарай қадам басады.

Саябаққа кіре салысымен, күзгі балға дайындалып, жұптарымен вальс билеп жатқан жастарды байқайды. Көзіне еріксіз жас келіп, Антонмен алғаш танысқан уақытты есіне алады. Дәл осы жастар секілді сайран салып, махаббатың тәтті дәмін татқан шақ еді. Олардың пәк сезімі мектеп табалдырығынан бастау алды. Жұптары жазылмай, бірге өткізген әр минутын бағалап, айлы түнде жұлдыздарға қарап армандайтын. Қос жүректің бір соғуын, шынайы сезімін, адал махабббатын тек ай, жұлдыз, аспан білетін. Әр кездесу сайын Антон Мария ұнататын әуен — Ф.Шопеннің «Күзгі вальсын» күйсандықта ойнап беретін. Құдды Шопеннің өзі тіріліп келгендей, музыканың құдіреттілігін сезген ағаштар тербеліп, жапырақтардың сыбдыры басылып, құстар ән айтуларын тоқтатып құлақ асып тыңдайтын. Осы әуен арқылы Антоша сүйіктісіне деген махаббатын білдіретін. Бірақ бұл бақыттты шақ ұзаққа созылмады. Соғыстың сұрапыл жылдары жас қызды сүйген жігітінен айырды. Антоша соғысқа аттанғаннан кейін, Мария оны мүлдем көрмеді. Сүйген жанын енді оралмайды деп, тіпті қаза болғандардың қатарына да жатқызды.

Кейде ғажайыптың болатыны рас. Ол тек ертегілерде ғана емес, адамдар оны өмірде кездестіреді екен.

Жанары жасқа толы Мария жас Антошаның бейнесін есіне алды. Кенеттен ол таныс дыбыстарды естиді. Отыз жыл бұрын Антоша күйсандықта ойнаған cиқырлы әуенді ұмыту мүмкін емес. Саябақты аралап жүріп, бір топ жастардың айналасында күйсандықта ойнап отырған бейтаныс жанды

байқайды. Мария алғашында қарт кісіге таңдана қарап, жүрегінің жиі соғуын естіп, жанарына үңіле бастайды. Бір-бірінің көздеріне тіке қарағаннан кейін, жастық шақтағы естеліктер тізбегін есіне алып, ғайып болды, із-түзсіз жоғалды деген жанның қарсы алдында тұрғанын байқайды. Антоша мен Мария бір-біріне күлімсіреп ұзақ қарады. Артық сөздің, іс-әрекеттің қажеті де жоқ. Екі жан бір-бірін сөзсіз ұғынды. Ғашығының жанарына қарап, өзі іздеген сауалдарының жауабын тапты.

Адамның сезімтал мүшесіне мен жүректен бөлек көзді де жатқызар едім. Толқынысыңды, қуанышыңды, қайғыңды да сөзсіз білдіре алатын жанарың – жүрегіңнің айнасы. Мейірімділікке, жылулыққа, махаббатқа толы көздер – тек сүй білетін жандарға тиесілі. Жүрегіңнің алтын кілтін тек шынайы ғашық болған жан ғана аша алады. Адасу жолында жүрген ғашық жандар көп ұзамай бірін-бірі табуы әбден мүмкін. Тек, сол ғажайыпқа сеніп, ыстық ықыласыңмен, шын ниетіңмен жүрегіңнің падишасын күткен жөн. Шыдамды жандар ғана түптің түбінде бақыттың кілтін табады. Ал, оған ие болу тек өз қолыңда.

Автор: Арайлым МҰРАТ

Бөлісу:
Алдыңғы мақалаӘрбір мүмкіндікті өз уақытында пайдалану керек
Келесі мақалада«Кемпір шуақ» деген не?