«Батыр бабалар» мемориалды кешені бой көтерді

1386

Қарасай ауданында сәулеті қайталанбас ерекше «Батыр бабалар» мемориалды кешенінің ашылуы өтті. Бұл жоба «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында облыстық әкімдік пен өңір меценаттарының бірлесіп атқарған жұмысының жемісі. Осынау атаулы күнімен аудан тұрғындарын облыс әкімі арнайы барып құттықтады.

Салтанатты шараның ашылуында батырлардың ерлігін паш ететін театрландырылған көрініс қойылды. Содан кейін жиналғандар алдында облыс әкімі Амандық Баталов сөз сөйледі.

    — Баршаңызды «Батыр бабалар» мемориалды кешенінің ашылуымен құттықтаймын. Бұл біз үшін «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру аясындағы маңызды жобалардың бірі. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев атап өткендей,  ел тарихын, батыр бабаларымыздың есімін жадымызда ұстау ертеңіміз үшін өте маңызды. Бүгінгі ашылып отырған мемориалды кешеннің жетісулық өскелең ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеудегі алар орны ерекше болатындығына сенім білдіремін – деп, сөзін аяқтаған Амандық Ғаббасұлы кешеннің салтанатты түрде лентасын қию рәсіміне қатысты.

Сонымен қатар кешеннің ашылу салтанатында меценат, генерал-майор А.Шпекбаев, Қарасай ауданының Құрметті азаматы С.Жылқыбаев пен Ушинский атындағы орта мектептің 8 сынып оқушысы Дархан Шафхатов өз құттықтауларын жеткізді.

Белгілі болғанындай, мемориалды кешен экспозициялары бір үлкен залдан және үш тақырыптық бөліктен тұрады. Олар: «Сақ дәуірінен Алаш Орда үкіметінің құрылуына дейін», «Тәуелсіздікке жетуге елеулі үлес қосқан атақты хандар мен билер», «Ерлігімен туған жердің даңқын асқақтатқан батырлар», деп аталады.

Экспозицияда кескілескен ұрыстар мен ел тағдыры қыл үстінде тұрған алма-ғайып заманда өзінің ерлігімен талай жаудың бетін қайтарып, ұлан ғайыр атырапты ұрпағына сақтап қалған атақты хандар мен билер, батырлар мен ел тәуелсіздігіне үлесін қосқан адамдардың портреттері бейнеленген. Экспозицияның орталық тұсында батыр бабаларға тағзым көрсетуді әспеттейтін композиция бейнеленген.

Естеріңізге салар болсақ, мемориалды кешеннің құрылысын «Дәулет Серпін 603» ЖШС мердігер құрылыс мекемесі жүргізді. Нысанның орналасқан жалпы жер аумағы – 1,04 га. Кешеннің айналасына декоративті шыршалар мен көшеттер отырғызылып, толықтай абаттандырылған. Музей ғимараты облыс меценаттарының қаржысына, ал ішкі экспозицияларының құрылысы Алматы облысы әкімдігінің тапсырысы бойынша салынды. Мемориалды кешенді күтіп-ұстауға облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы жауапты деп бекітілді. 

Бөлісу:
Алдыңғы мақалаДепутаттар облыс әкімінің жұмысына оң баға берді
Келесі мақаладаАлматы облысында жаңа 24 мектеп пайдалануға берілді