Көпшілікке кеңінен түсіндірілді

1234

Астана қаласындағы «Қазақстан» спорт кешені аумағында Алматы облысы тауар өндірушілерінің азық-түлік жәрмеңкесі өтті. «ЭКСПО – 2017» халықаралық көрмесі аясында ұйымдастырылған шараны өңір басшысы Амандық БАТАЛОВ аралап, саудагер-шаруалармен және көпшілікпен жүздесті.

Аймақтың Елордадағы үшінші жәрмеңкесіне сегіз ауданның, Талдықорған мен Текелі қалаларының және «Жетісу» ӘӨК шаруалары атсалысты. Бас шаһар тұрғындары мен қонақтарына ұсынылған тауарлар арасында сүт, шұжық, балық, қант, күріш, табиғи май, бал, көкөніс сынды 48 өнім түрі бар.

Жетісудан жеткен керуен 2099 тонна ауылшаруашылығы тауарларын саудалады. Оның 1240 тоннасы көкөніс болса, 562 тоннасы жеміс-жидек, 12 тоннасы сүт, 270 тоннасы балық, 5 тоннасы бал, қалғаны өзге өнімдер. «Астаналық базар нарығынан 15-30 пайызға төмен бағамен саудаланатын тауарларымызды келушілер көптеп сатып алды. Бұл шара Елорда тұрғындары мен халықаралық көрмеге келген қонақтарды азық-түлікпен қамту мәселесін жеңілдететіні сөзсіз. Осындай басқосулар ел өңірлерін бас қаламен байланыстырып, ынтымақтастықты арттыратынына сеніміміз мол», – дейді облыстық ауылшаруашылығы басқармасының өкілдері.

Дәстүрге айналған жәрмеңкеге Астана халқы да ризашылықтарын білдірді. «Осы жерден сатып алған картоп, пияз, сәбіздерімді басқа сауда нүктелерінен алсам, әжептәуір шығындалатын едім. Ал мұнда қалағаныңды таңдап аласың әрі бақшадан кеше ғана үзіліп, жинап алғандай. Әсіресе, Жетісудың балығы мен көкөністерін көбірек алуға тырысамыз», – дейді Елорда тұрғыны Әсел Мұратбекқызы.

Жәрмеңке барысында Алматы облысының көркемөнерпаздар ұжымы концерт қойып, көпшіліктің көңілін ән-жырмен көтерді.

Бөлісу:
Алдыңғы мақалаСу қоймаларында рейд жұмыстары жүргізілді
Келесі мақаладаЖүз алпыс сегіз отбасы баспаналы болды