Жасылкөл — Жетісу жеріндегі ерекше көл

2826

Жасылкөл – Жетісу Алатауындағы көл. Ол Лепсі ауылынан оңтүстік-батысқа қарай  23 км шамасында,  Ағыны қатты өзенінің бір тармағы  Кикөзен өзенінің  орта ағысында жатыр.

Көл 1630 метр биіктікте орналасқан. Осыдан мың жыл бұрынғы алапат зілзаланың нәтижесінде  оң жақ беткейдің құлауынан пайда болған тасты үйіндінің салдарынан  Кикөзен өзенінің ағысы  табиғи бөгетпен жабылып, соның арқасында таңғажайып көл пайда болған. Көлдің ұзындығы 2 км, көлденеңі ең кеңейген тұсында 700 метрге жетеді. Тереңдігі  30-50 метр шамасында.  Көлді жағалай өскен жапырақты тоғай күзде ерекше сұлуланып түрленеді.

Көлдің түсі қардың еруінен ғана емес,  тәулік мезгілі мен ауа райына да байланысты құбылып тұрады. Көктем-жаз маусымында   сүтті кофеге ұқсас лай түсті болса, күз-көктем мезгілдерінде көгілдір тұнық түске енеді.  Талтүс кезінде көкшіл  түске боялады. Шайдай ашық  аспанда  су көкпеңбек түсті болса, бұлтты ауа райында  қорғасындай сұрғылт түске енеді. Жасылкөл аумағы маралдардың сансыз көбейіп,  өсіп-өнген  берекелі  мекені.

Төменгі Жасылкөл көлінен он үш шақырым жоғарыда  «Жоғары Жасылкөл» деп аталатын тағы да бір сұлу көл бар.  2200 км биіктіктегі көл Кикөзен өзенінің  бүйір тармағы Қызылауыз өзенінде орналасқан. Ол да күшті зілзалаланың салдарынан пайда болған.  Оң жақ беткейдің құлауынан жартас кесектері  шатқалды бөгеп тастаған. Көлдің ұзындығы 3,3 км, орташа  көлденеңі — 300 м. Көл өзінің пішіні жағынан жетісулық тістібақаны (Жетісу Алатауында ғана мекендейтін  жойылып бара жатқан құйрықты қосмекенді) еске салады. Көл жағалауындағы алпілік шалғындар және сирек аласа бұталы тоғай  көмкерген жап-жасыл баурайдың түсімен астасып,  көк-жасыл түспен құбылып жатады.

Өкінішке орай, шалғайда орналасқандығы себепті адамдар сирек барады дегеніміз болмаса, өзінің қайталанбас сұлулығы мен тартымдылығы жағынан төменгі көлден  ешбір кемдігі жоқ.

Бөлісу:
Алдыңғы мақалаӘлемге аты шыққан Шарын шатқалы
Келесі мақаладаКөлсай көлдері