Әнші құм

6249

Алтынемел құмдарындағы «Әнші құм» немесе «Айғай құм» — танымал жерлердің бірі. Оның алып жатқан жерінің үлкен болуы сонша, ұзындығы екі-үш километрге дейін, ал биіктігі шамамен 120 метрге жетеді. Бұл құмның бір ерекшелігі – құрғақ күндері әуенді дыбыстар шығарады. Оның әуені бірнеше шақырымдарға жайылып, алыстан да естіліп тұрады.

Кейбір пікірлерге сүйенсек, құмның ұсақ бөлшектері бір-біріне үйкелген кезде осындай әуенді дыбыстар шығады екен: жеңіл самал жел шиқылдаған дыбыстар шығарса, қатты жел орган дыбысына ұқсас әуен шығарады. Алайда, желсіз күнде де құмның әуенін тыңдауға болады. Осы сиқырына байланысты, құм жайында көптеген аңыздар пайда болған. Құмның тағы бір ерекшелігі – ол басқа құмдар сияқты орнын ауыстырып, көшіп жүрмейді, керісінше, мыңдаған жылдар бойы Алтынемел аумағында, бір орында тұр.

Биіктігі 150 м-дей, ұзындығы 8 км, ені 3 км. Қалқан тауларынан соғатын желдің бағыты үнемі өзгеріп отыруы нәтижесінде құм түйіршіктері електеніп, бірегей құм қоспасынан тұратын төбеге айналған. Құм суынып жел әсерінен қозғалысқа келген кезде, одан кәдімгі сырнайдан шыққан таза ән ырғағына ұқсас үн естуге болады; егер жел күшейсе, құмнан шыққан реактивті ұшақтың гүрілі сияқты дауысқа ұласады. Бұл табиғат құбылысы көбіне түнде шығыстан салқын жел соққанда естіледі. Жібек жолының бойында орналасқан осы “Әнші құмның” үнін есту үшін жолаушылар әдейі ат басын бұрған. “Әнші құм” табиғат ескерткіші ретінде мемлекет қамқорлығына алынған. Ол Алтынемел мемлекеттік ұлттық саябағы (1996 жылдан) құрамына кіреді.

Бөлісу:
Алдыңғы мақалаАлматы облысында егін жинау науқаны қызып тұр
Келесі мақаладаТүрген сарқырамасы