ҚР ҰҚК – 25 жыл!

1891

Бүгін І.Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің құрылғанына 25 жыл толуына орай салтанатты жиын болып өтті. Облыстың ҰҚКД қызметкерлерін кәсіби мерекесімен Алматы облысының әкімі Амандық Баталов құттықтады.

Өзінің құттықтауында облыс басшысы:

-Мемлекет басшысының үнемі қолдауына ие мемлекеттің ұлттық қауіпсіздік органдары бүгінде кәсіби шыныққан кадрлармен, қажетті материалдық-техникалық базамен қамтамасыз етілген, арнайы жасақтарға қойылатын барлық заманауи талаптарға сай құрылымға айналды. Күштік құрылымдардың басты ерекшеліктері – Отанға қалтқысыз қызмет етуі, жұмысына деген жауапкершілігі, қайсарлығы мен өжеттілігі болып табылады. Біз сіздерді мақтан тұтамыз. Сіздер күнделікті өз қызметтеріңізді кәсіби жоғары деңгейде мүлтіксіз орындап, еліміз бен оның әрбір азаматының тыныштығын сақтап келесіздер. Алдағы уақытта да еліміздегі тұрақтылық пен мемлекеттің конституциялық негіздерін нығайту жолында жұмыстарыңызды асқан шеберлікпен орындайтындықтарыңызға сенім білдіремін, – дей келе, А.Баталов бірнеше қызметкерді облыс әкімінің Алғыс хаттарымен марапаттады.

Сондай-ақ мереке иелерін кәсіби мерекесімен облыстық ҰҚКД басшысы Ұлттық қауіпсіздік қызметінің генерал-майоры Сәбит Құрманәлиев құттықтады.

Осыдан кейін ҰҚКД ардагерлері мен үздік қызметкерлері түрлі марапаттармен марапатталып, бірнешесіне «Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетіне 25 жыл» арнайы төсбелгілер мен өзге де наградалар табысталды.

Салтанатты шара ҰҚКД жеке құрамының дайындаған мерекелік концерттік бағдарламасымен жалғасты.