Теміржол туризмді дамытады

1989

Алматы облысының әкімі Амандық БАТАЛОВ Алакөл мен Алматының арасын жалғайтын тағы бір жаңа туристік маңызы бар нысанның – Ақши теміржол вокзалының іргетасын қалауға қатысты. Бес күн бұрын ғана жазғы демалысын жарқын да көңілді өткізгісі келетін қонақтарға әуежай ашып берген өңір басшысы осы жолы болашақта бой көтеретін заманауи зәулім стансының құрылысына капсула салды. Алдағы уақытта туристер тек әуежаймен, құрылысы енді басталған «Талдықорған – Үшарал – Өскемен» автодәлізімен ғана емес, шойын жолмен жүйткитін арнайы пойызбен де көл жағасына келіп қайтпақ.

Баршамызға мәлім, соңғы үш жылдан бері аптасына үш рет «Жетіген – Достық – Жетіген» бағытында «Тұран» пойызы қатынайды. Бұл теміржолмен Алакөл жағалауына мыңдаған туристі тасымалдауға мүмкіндік бар. Алматыдан шыққан пойыз көлге ары кетсе небәрі 13 сағатта келе алады. «Тұран» жолаушылар тасымалы» ЖШС бас директоры Роман Ботабеков те Алакөл өңіріне ат басын бұрып, жаңа теміржол бағыты бойынша тілшілерге сұхбат берді. «Біз бұл бағытты Алакөлге келетін туристердің жылдан-жылға артып келе жатқанын ескеріп қолға алып отырмыз. Биылдың өзінде біз 64 мың жолаушыны тасымалдап үлгердік. Ең алғаш ашылған небәрі 12 вагон болатын. Бүгінде вагондар саны жиырмаға жетті. «Қазақстан теміржолы» бізбен кеңесіп, перронның аумағын 350 метрге дейін кеңейтіп берді. Бірақ бұл өздеріңіз көріп тұрғандай аздық етеді. Сондықтан, 13 разъезден, яғни, Ақши ауылынан жаңа вокзал салудың маңызы зор», – деді ол.

Директордың айтуынша, Алматы қаласынан Алакөл жағасындағы Ақши стансысына дейін жол құны 2355 теңгеден аспайды. Ал Достық стансысына дейінгі пойыз бағасы 2615 теңгені құрайды. Ақши мен Алматы арасында жолға кететін уақыт – 12 сағат, 15 минут. Облыс әкімі мен аудан басшысы Әлібек Жақанбаев теміржол вокзалын салудың маңыздылығы жайында айтып өтіп, іргетасына арнайы капсула салды. Амандық Ғаббасұлы жаңа вокзалдың құрылысын алдымыздағы тамыз айының орта шенінен кешіктірмей бастауды ескертті.

Сондай-ақ, өңір басшысы көл жағалауындағы туризм нысандарын дамытып, жаңа жобаларды жүзеге асырар алдында ғылыми зерттеу жұмыстарын тағы бір пысықтап алуды тапсырды. Облыс әкімінің сапары мұнымен шектелмей, Үшарал қаласындағы «Жастар» саябағында жалғасын тапты. Әкім көл жағасындағы автокөлік жолдарымен, қонақүйлер құрылысымен танысуды да назардан тыс қалдырмады.

Алматыдан «Тұран» экспресс пойызына отырып келген Мұрат Байбосынов есімді жолаушыдан жаңа бағыттың қаншалықты тиімді екенін сұрағанымызда: «Барлық жағынан тиімді. Жол ұзақ емес. Билет бағасы қолжетімді және әр вагонда салқындатқыш құрылғылары орналасқан. Жолсеріктер де жақсы қызмет көрсетеді. Келер жылы көлге келгенде де отбасымызбен осы пойызға отырамыз деген жоспар бар», – деп жауап берді. Айта кетейік, Алакөл жағасында туризм нысандары көптеп бой көтеруде.