Өсіруші мен өңдеушінің байланысы бекем

1265

Алматы облысында шаруа қожалықтары мен өңдеуші кәсіпорындар арасындағы тығыз байланыс жолға қойылған. Мәселен, Көксу қант зауытына өңірдің 560 шаруа қожалығы қант қызылшасын тапсыратын болса, Жаркент крахмал-сірне зауытымен 540 жүгері өсіруші шаруашылық жұмыс істейді. Ал Текелі ашытқы зауыты 100-ден астам шаруашылықты біріктіріп отыр.

Жалпы облыста агроөнеркәсіптік кешеннің ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеудің 9 басым бағыты белгіленген. Атап айтқанда, астық, майлы дәндер, қант қызылшасы, көкөністер мен жемістер, ет, сүт, балық және жүн өңдеуге басымдық берілмек.

Облыста Өңдеу кәсіпорындарының 2021 жылға дейінгі орналасуының егжей-тегжейлі картасы әзірленген. Оны жүзеге асыру ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу саласын индустрияландыруға, кооперация мәселелерін шешуге мүмкіндік береді деп күтілуде. Бұл орайда зауыттар өңдеуші кәсіпорын ретінде негізгі өзек бола отырып, маңайына шаруа қожалықтарын топтастыруда. Бүгінгі күні Көксу қант зауыты, Жаркент крахмал-сірне зауыты мен Текелі ашытқы зауыттары осының айқын айғағы болып отыр.

Алдағы уақытта бұл қатарға Ақсу қант зауыты, ирандық «Империя Фуд» компаниясымен бірлескен, экспортқа бағытталған, жылына 8 мың тонна өнім шығаратын ет өңдеу зауыты және басқа да нысандар қосылатын болады.