Алматы облысындағы саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған ескерткіш

3849

31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні болып жарияланғалы бері Алматы облысының Талғар ауданына қарасты Жаңалық ауылында бой көтерген еңселі ескерткішке қарақұрым халық жиылып, жазықсыз жапа шеккен ата-бабалар рухына тағзым етуді айнымас дәстүрге айналдырған. ХХ ғасырда халқымыздың жанына жалау болуға ұмтылған ұлт зиялыларын баудай қырған қызыл империяның жазылмас жарасы ұлтын сүйетін ұрпақтың жүрегінде мәңгілікке қалғаны хақ.

Мамырдың соңғы күнінде қара тұтқан халықтың алқызыл гүлін құшақтап лек-легімен Жаңалық ауылына қарай жол тартатыны да сондықтан. Олардың қатарында Алаш арыстарының, ұлт зиялыларының немере-шөберелері, бір сөзбен айтқанда, жоғын жоқтап, тарихын түгендейтін қазақ халқының ұрпақтары бар. Қаралы митингке «Нұр Отан» партиясы Алматы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалиас­қар Сарыбаев, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ермек Келемсейіт, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Тұрарбек Асанов, облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Рустам Алпысбаев, аудан әкімі Райхан Садықова және қоғамдық ұйым өкілдері қатысты.

– Жыл сайын осы күні халқымыз­дың болашағы үшін күрескен  ұлтымыздың біртуар, аяулы ұл-қыздарын, жазықсыз жапа шеккен құрбандарын бүкіл ел болып еске аламыз. Жетісудың осы бір қасиетті жері боздақтардың ерен ерлігін, қазақтың өшпес рухын танытады. Халқымыздың аяулы перзенттерінің өмірі де дәл осы жерде қиылды. Дана халқымыз «Өткенге салауат, болашаққа ғибрат», «Өлі разы болмай  тірі байымайды» дейді. Сондықтан бүгін елі үшін жанын қиған, күнәсіз атылған аяулы арыстарымыздың рухына тағзым етеміз, – деген Ғалиасқар Төлендіұлы Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында атап айтқандай, төл тарихымызды, ұлттық құндылығымызды болашақ ұрпаққа қалдыру  бүгінгі ұрпақтың басты парызы екендігін ерекше атап өтті.

«Жаңалық ауылында 4,5 мың адам ғана емес, қазақ халқының беткеұстар қаймақтары, НКВД-нің түрмесінде азап шегіп, атылғандардың, жасырын жерленгендердің, өзге де ұлт өкілдерінің сүйегі жатыр. Жылма-жыл аталарының рухына тағзым ететін зия­лы қауым өкілдері ұрпақтарының да қатары сиреп барады», – деген «Әділет» тарихи-ағарту қоғамы төрағасының орынбасары Әнес Ғарифолла облыс әкімі Амандық Баталовтың өзі осы аумақты абаттандырып, тарихи музей жасауға ниет етіп жатқандығын естігендігі туралы қуанышымен бөлісіп, осы боздақтардың қаны төгілген қасиетті орынды сақтап, қорғау­ға күш салып жүрген Іле мен Талғар аудандық әкімдіктеріне ризашылығын білдірді.

Қанқұйлы саясаттың құрбаны боп, жазықсыз жапа шеккен арыстарды еске алған қаралы митингте қуғын-сүргін құрбаны Абдолла Асылбековтің немересі Сәуле Асылбек пен көрнекті қоғам қайраткері Ораз Жандосовтың кенже ұлы Анри Жандосов сөз алып, халқының жарқын болашағы үшін жанын қиып, құрбан болған ата-баба есімі мен ерлігі ұлтын сүйетін ұрпақ барда ешқашанда ұмытылмайтындығын айрықша атады. Қаралы митинг соңында еңселі ескерткішке гүл шоқтары қойылып, Жаңалық ауылының имамы Руслан Исабаев нәубет құрбандарының рухына арнап Құран бағыштады. Дастарқан жайылып, ас берілді.