Алматы облысының орталығы – Талдықорғанда салтанатты шеру өтті

2426
Алматы облысының орталығы – Талдықорғанда тұңғыш рет екі жарым мыңнан астам баланың қатысуымен салтанатты шеру өтті. Мерекелік нақышта киінген балалардың мерекелік шарасы Оқушылар сарайының маңынан бастау алып, Балапанов көшесінің бойында жалғасты.
Жүздері балбұл жайнаған жас жеткіншектердің қуанышында шек жоқ. Төл мерекелерін айқын сезінсе керек қадамдарын нық басып, мерекелік шерудің көркін қыздыра түсті. Үрмелі аспаптың ырғағына еріп, дауылпаздарын асынып бара жатқан балаларға үлкендер де дән риза. Балалар шеруі Жастар мәдени демалыс саябағында мерекелік концертпен жалғасты. Салтанатты шарада қала әкімі Бағдат Қарасаев сөз алып, айтулы мерекеге орай өзінің жылы лебізін білдірді.
«Құрметті балалар, ата-аналар және қала қонақтары! Баршаңызды 1-маусым – Халықаралық балаларды қорғау күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бүгінде Елбасының салиқалы саясатының арқасында мемлекетімізде балалардың алаңсыз білім алуына, бақытты балалық кезеңін қызықты да, мағыналы өткізуіне барлық жағдай жасалған. Талдықорғанда соңғы бес жылда жылына орташа есеппен төрт мыңдай сәби өмірге келген. Ал, биылғы жылдың төрт айында ғана 1293 нәресте дүние есігін ашты. Қазір 6 жасқа дейінгі талдықорғандықтардың саны 25 мыңнан асып, барлық тұрғындардың 15 пайызын құрап отыр. Осы сәбилер ертең азамат болып, мемлекеттің тірегіне айналады деп сенемін. Бұл салтанатты шеру жас ұрпақтың келешекке сеніммен қадам басуына жол ашады деп ойлаймын.Әрбір отбасы тәрбиелі, білімді азамат өсіріп, түтініміздің түзу шығуына өзінің үлесін қосуы керек, сонда ғана Мәңгілік Елдің іргетасы берік болмақ. Әрбір отбасында бала саны артып, еліміздің тұғырын биік ұстайтын бүлдіршіндеріміз өсе берсін», – деді Б. Қарасаев.
Айта кетейік, шеруге Оқушылар сарайының, Н.Тілендиев атындағы балалар музыка мектебінің және Қ.Байсейітов атындағы саз колледжі сынды білім мекемелерінің оқушылары қатысты. Олар шеру барысында ән айтып, би билеп түрлі бағытта өз өнерлерін паш етті. Бұл республика көлемінде алғаш рет ұйымдастырылып отырған ауқымды шара.