Жанат Жақиянов және оның қарсыласы Райан Барнетт туралы не білеміз?

1960

Бүгін қазақстандық кәсіпқой боксшы, жеңілірек салмақтағы (118 фунт немесе 53,525 кг) WBA белбеуінің иегері Жанат Жақиянов (27-1, 18 КО) пен аталған салмақтағы IBF тұжырымдамасының чемпионы  (17-0, 9 KO) арасында 2017 жылғы 21 қазанда жекпе-жек өтеді деп хабарланды. Бұл біз үшін маңызды жаңалық. Бокс кеші Солтүстік Ирландияда, яғни Райанның туған жерінде өтеді. Кім жеңгені негізгі екі тұжырым бойынша чемпион атанбақ.

Өкінішке орай, бізде Жанат Жақиянов туралы материалдар көбіне тек ол чемпион болғаннан кейін шыға бастады. Оның өзінде де мардымды емес. Биыл 11 ақпанда өткен чемпиондық кездесуі де отандық телеарналардан көрсетілмеді. Бұл оның пиары мен елдегі қолдаушы жанкүйерлерінің аз болғанына байланысты болса керек. Енді алда өтетін кездесуін телеарналарымыз тікелей эфирде көрсетеді деп сенемін. Онсыз да шетелдік Сергей Ковалев, Мэнни Пакьяо, Василий Ломаченко, Владимир Кличколардың бокстарын үнемі көрсетіп жүргенін білеміз. Аталған боксшылар шынында да мықты. Дегенмен, өз чемпионымызға бірінші кезекте орын берілгені жөн.

Жанаттың бірі ерекшелігі – үндемей жүріп-ақ талай белестерді бағындырған батыр. Чемпион болғаны өз алдына, өзге чемпионмен кездесіп, белбеу санын көбейтпекші. Оған 33 жасына дейін тынбай еңбек етіп, әлем чемпионы болғанын қосыңыз. Рухы сынбайтын, еңбекқор жігіт деп осыны айтуға болады.

Хош, сонымен қарсылас белгілі. Ендігі кезекте «Райан Барнетт деген кім?» деген заңды сұрақ туындайды. Сол үшін аталған боксшы жайлы аз-кем мағлұмат бере кетейік. Ол өз салмағы бойынша BoxRec сайты мен The Ring журналының рейтингінде 5-ші орында. Ал Жақиянов болса он бірінші және үшінші орында тұр. Яғни, деңгейлері шамалас. Осы салмақтың өзінде әлемде мыңнан астам кәсіпқой боксшы бар екенін ескерсек, екі чемпионның деңгейінің қандай екенін түсінуге болады.

Екеуі де оңқай. Бірін-бірі жақсы таниды. Чемпион болмай тұрып бір-бірімен талай спарринг кездесулер өткізген. Әдіс-айлаларын, қарым-қабілетін жақсы біледі. Барнеттің аяқта жұмыс істеуі, қорғанысы, қарсыласын сезінуі, жылдамдығы жақсы. Ашық жүріп айқасқанды жақсы көреді. Аяқ қимылы мен жылдамдығына сенсе керек. Алайда соққысы жойқын дей алмаймын. Кәсіпқой бокста жеңіліс тауып көрмеген. «Тегін адам таз болмайды» демекші, кез келген боксшы IBF чемпионы бола бермейді.

Біздің Жанат та — техникасы мен физикасы қалыптасқан, рухы мықты жігіттердің бірі. Бокстасу өнерін жеке бапкері, кезінде кәсіпқой бокс әлемін шулатқан Рикки Хаттонға ұқсатады.

Бұл жолы Райанға өз үйінде, жергілікті қызуқанды жанкүйерлері алдында бокстасқан ыңғайлы болғалы тұр. Бұл оған психологиялық артықшылық сыйлауы мүмкін, алайда Жанат бұған дес бермеуі тиіс. Өйткені әбден ысылған, көпті көрген тәжірибелі боксшы. Бапкері екеуі алдағы кездесуге ыңғайлы тактика таңдап, мерейімізді үстем етеді деп күтеміз. Жанат бұл кездесуде жеңіске жетсе кәсіпқой бокста екі негізгі чемпиондық белбеуге қол жеткізген екінші қазақстандық боксшы (біріншісі орта салмақтағы WBC, WBA super және IBF тұжырымдарының чемпионы Геннадий Головкин екенін еске сала кетейік) атанбақ.

Анықтама:

Кәсіпқой бокста 17 салмақ дәрежесі бар. Әр салмақта жүздеген чемпиондық тұжырымдар тіркелген. Бірақ оның негізгі төртеуі салмақты, негізгі деп саналады. Олар WBC, WBA, IBF және WBO. Сонымен қатар, Ринг журналының чемпионы, желілік чемпион (халықтық) да жиі аталады.

Тағы бір айта кетерлік мәселе, жеңілірек салмақта Жанат пен Райаннан өзге екі негізгі чемпион бар. Олар Шинсуке Яманака (WBC және Ринг журналы) мен Золани Тете (WBO). Жанат Жақиянов алдағы қарсыласын жеңсе, бұл чемпиондармен кездесуінің де ауылы алыс емес. Бастысы қазан айында өтетін кездесуде мерейі үстем болсын деп тілейік.

Сәкен ЕСІРКЕП

Бөлісу:
Алдыңғы мақалаАзамат рухын ардақтады
Келесі мақаладаӘкімдік протондық терапияны дамытуға ниетті