«Туған топырақты аялайық!»

1725

Кербұлақ ауданының Басши ауылында «Гүлзар» қоғамдық бірлестігінің төрайымы, «Гүлстан» газетінің бас редакторы Гөзел Құлжабаеваның бастамасымен «Туған топырақты аялайық» атты дәстүрлі конференция өтті.

Шараға әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті ректорының кеңесшісі, ақын Бауыржан Жақып, филология және тарих ғылымдарының докторы Ләйлә Ахметова, «Келбет» бағдарламасының продюсері Жаңыл Асылбекова, сол сияқты конференцияның құрметті қонағы ретінде заңғар жазушының немересі Зифа-Алуа Әуезова қатысты. Қонақтар Райымбек батыр атындағы мектепте, «Батыр ана» саябағында, Қазақстанның Халық әртісі Н. Нүсіпжанов атындағы ботаникалық бақта болды. Мұнан соң М. Әуезовтің бағы орналасатын Нұрым ауылына барды.

– Құрметті қонақтар, осыдан екі жыл бұрын біз Абай атындағы саябақ ашқан болатынбыз, биылғы жылғы шарамыз Мұхтар Әуезовтің 120 жылдығына арналып отыр. Осыған байланысты біз 120 түп ағаш отырғызамыз, оның басым бөлігі – қарағай, – деді Гөзел Құлжабаева. Шара соңында конференцияға қатысушылар жас көшеттерді отырғызу рәсімін атқарды.