Ресей мен Түркия арасындағы шиеленісті реттеудегі Елбасының еңбегі

917

Өткен жылдың маусымында Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоғанның тағдыршешті хаты РФ Президенті Владимир Путинге Ташкентке шұғыл түрде жеткізілді. Бұл Өзбекстан астанасындағы ШЫҰ саммитінен тыс Қазақстан Президентінің қатар атқарған елеулі еңбегінің арқасында мүмкін болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Аталған хат қалай жеткізілгенін Қазақстан, Ресей және Түркия президенттерінің көмекшілері «Бітімгер миссиясы» атты деректі фильмінде егжей-тегжейлі баяндап берді.

Атап айтқанда, Ташкенттегі кездесуде Ресей мен Түркия арасындағы шиеленіскен қатынастар мәселесі күнтәртібінде тұрмаған еді, алайда Нұрсұлтан Назарбаев РФ Президенті Владимир Путинмен келіссөз жүргізіп, оның Қытайға сапары алдында Режеп Ердоғанның хатын қабылдауы керектігін айтты. Нәтижесінде Ресей Президенті келісімін берген.

Саммитте мемлекет басшылары резиденцияларына кеткен кезде де, Қазақстан Президенті жұмысты жалғастырып, Түркия басшысымен телефон байланысын шұғыл орнату тапсырмасын берді. Осыдан кейін Түркиядағы дипломатиялық команда тағдыршешті хатты даярлауға кіріседі, онда Ердоған қиындықтарға қарамастан, Ресей тарапымен қатынастардың жаңа кезеңі жайында айтады.

Таңертең ерте Түркия президентінің көмекшісі Ибрагим Калын чартерлік рейспен Ташкентке шұғыл түрде аттанып кетеді. Оған бірнеше сағаттың ішінде аталған хатты РФ президентінің көмекшісі Юрий Ушаковтың қолына жеке табыстау тапсырмасы беріледі. Алайда саммитке байланысты Өзбекстанның әуе кеңістігі жабық тұрғандықтан, аталған елге ұшақпен қону проблемасы болған еді.

«Біз қатты асыққандықтан, Грузия, Әзербайжан, Түрікменстан және Өзбекстан әуе кеңістігін қиып өтуге рұқсат алып үлгермедік. Грузия шекарасына дейін 50-60 минут қалды, осы уақытта рұқсат алуға қатты үміттендік. Грузия шекарасына жақындаған кезде рұқсатты алдық, осыдан кейін бізге Әзербайжан мен Түрікменстан елдері де өздерінің әуе кеңістігін ашты. Бірақ Өзбекстаннан рұқсат алу мүмкін болмады. Осылайша, ұшақ әуеде қона алмай жүрді», — деді И. Калын.

Осы мерзімде қазақстандық делегацияның мүшелері ұшақты қондыруға рұқсат алу мәселесімен айналысты.

«Мемлекет басшысы сол кездегі Өзбекстан президенті Ислам Кәрімовпен жеке сөйлесетінін айтты. Шағын құрамдағы кездесуден кейін Нұрсұлтан Назарбаев ұшақты Ташкентте қондыру туралы уағдаластыққа қол жеткізді»,-деді ҚР Президентінің көмекшісі Нұрлан Онжанов.

Ибрагим Калынды Қазақстанның Өзбекстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Ерік Өтембаев қарсы алды. Хаттың мәтіні құпия түрде Қазақстан Президентіне жеткізіліп, Елбасы оны Владимир Путинге беру тапсырмасын берді.

Саммит аяқталғаннан кейін Ибрагим Калын Түркия Президенті Режеп Ердоғанның қолтаңбасы ресми қойылған хаттың нұсқасын Н. Назарбаевтың резиденциясына жеткізіп берді. Кейіннен осы жерге Юрий Ушаков шақыртылды.

Айта кетейік, «Бітімгер миссиясы» — бұл Президент баспасөз қызметі мен «Хабар» телеарнасының бірлескен жобасы. Фильмде Түркияның шекара аумағына кіріп кеткен Ресейдің СУ-24 ұшағының атып түсірілуінен кейін екі елдің арасында туындаған шиеленіскен ахуалды реттеудің қадамдар зерттелген. Бұл тұрғыда Түркия мен Ресей арасындағы жағдайды ретке келтіруге бағытталған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ауқымды әрі парасатты еңбегі егжей-тегжейлі баяндалады. Осы орайда Түркия Республикасының Президенті Режеп Тайып Ердоғанның тағдыршешті хатын РФ Президенті Владимир Путинге жеткізу қадамы қалай өрбігендегі, осы маңызды істе тараптардың атқарған қызметі толық көрсетілген.

Автор: Руслан Ғаббасов

Бөлісу:
Алдыңғы мақала4-9 шілде аралығында Астанада өтетін мәдени іс-шаралар
Келесі мақаладаСозақ ауданының ардагерлері «ЭКСПО»-да қонақта (Фото)