Талдықорған қаласы – Алматы облысының орталығы

4575

Талдықорған қаласы күн сайын гүлденіп, түрленіп келеді.  Ондағы миллиардтаған қаржының есебімен атқарылып жатқан жобалардың келешегі кемел. Сондықтан бұл орайдағы жұмыс барысы тиісті мекеме, басқармалардың жіті қадағалауында. Дей тұрғанмен, баянды істің бағасын қашырып, тапсырылған міндетті өз деңгейінде орындамайтын құрылыс ұйымдары да жоқ емес. Облыс әкімі Амандық Баталов осы мәселелерге орай облыс орталығындағы құрылыс жұмысы жүріп жатқан бірнеше нысанды аралап, кезіккен келеңсіздіктерге ескерту айтты.

Өңір басшысы жұмыстың басын Талдықорған қаласына кіреберістегі арка орналасатын  аумақты анықтаумен бастады. Естеріңізге сала кетсек, кейінгі кезде қала тұрғындары санының артуына орай қала аумағы да кеңи түсті. Осыған орай, қаланың бас жоспары қайта жасалып, қаланың батыс кіреберісіндегі арканы  көшіріп, жаңалап салу күн тәртібіне енген болатын. Осы ретте облыс әкімі Амандық Баталов арка орналасатын жерді анықтап, мердігер компания өкіліне құрылыс жұмысына қойылатын талаптарды түсіндірді.

Жаңадан салынып жатқан 3-ші бөлімшедегі жеке тұрғын үйлердің құрылыс жұмысының талапқа сай келмейтіндігі өңір басшысының сынына ұшырады. Жалпы, ауыл үйлері тиісті мекемелердің келісімін алмастан құрылыс жұмысын бастай бергендіктен үйлер ретсіз орналастырылған. Бұл қаланың көркемдігіне кері әсерін тигізетіні белгілі. Оның үстіне, облыс әкімінің ауыл көшелерін ретке келтіруге қатысты берген тапсыр­масы толық орындалмаған. Кеңдігі тоғыз метр, оның үстіне жаяу жүргіншілер жолы қосымша салынатын ауыл көшелеріне қойылатын талаптың қағаз жүзінде ғана орындалып жатқаны белгілі болды. Бұл жағдай облыс басшысының ренішін тудырғаны анық. Соған орай ол қала басшыларына 3-ші бөлімшедегі үйлерді белгіленген уақыт шегінде қаланың бас жоспарында көрсетілген өлшем бойынша тексеріп, жоспарға қайшы келгендерін тәртіп бойынша біржақты ету керектігін тапсырды.

Келесі кемшілік қалаға кіреберістегі күрежолдың бойынан табылды. Ондағы жаяу жүргіншілер жүретін жолдар талапқа сай жасалып, жасыл желек отырғызылмаған. Жол бойындағы аялдамалар мен абаттандыру жұмысы көңіл көншітпейді. Тіпті, жол жағалауындағы кейбір жеке тұрғын үйлердің қоршаулары қаланың сәулетін бұзып тұр.
Сәулет демекші, облыс әкімі Амандық Баталовтың тікелей қолдауының арқасында Талдықорғанда жаңа драма театры, көрме залы, Салтанат сарайы, ашық және жабық бассейн сынды жобалар қолға алынуда. Бұл жолы Амандық Ғаббасұлы құрылыс жұмысы қарқынды жүріп жатқан облыстық драма театры мен Салтанат сарайының қазіргі жағда- йымен танысып шықты. Ондағы жұмысшылардың қарқыны мен шеберлігіне ризашылығын білдірген өңір басшысы нысанды уақытында бітіріп, ел игілігіне беру керектігін тапсырды. Әсіресе, Салтанат сарайының заманауи үлгіде, сапалы салынып жатқаны көңілден шықты.

Десе де, облыс әкімінің ренішін тудырған нысандар да болды. Сол қатарда «Жастар» шағынауданындағы көпқабатты үйлердің аулаларын абаттандыру жұмысына жеткілікті қаржы бөлінсе де, жұмыс қол ұшымен істелген. Тіпті «облыс әкімі келеді, көреді» дегенді ести сала асығыс жасалған жұмыстың сапасыздығы көрініп тұр. Қалай болса солай қоя салған қоқыс жәшігі, сыры кеуіп үлгермеген орындықтар, жерге асығыс төселген ойлы-шұқыр қиыршық тастар соны айғақтайды. Облыс басшысы келіпті дегенді естіген тұрғындар аулаға шығып, сапасыз жұмыстың салдарынан балаларын аулаға шығарып ойнатудан алаңдайтындарын айтып шағымданды. Қысқасы, ауланы абаттандыру жұмысы қайта істелетін болды.

Орталық саябақты абаттандыру жұмысының да аяқ алысы мәз емес. Өткен жазда басталған жөндеу жұмысының қарқыны көңіл көншітпейді. Жоспар бо- йынша жұмыстың дені бітуі керек болса, мердігер компания «Астана-Достық-НС» ЖШС-нің құрылысшылары әлі ағаштарды кесіп, шөптерді жұлып, алаң аумағын керексіз ағаш пен тас-топырақтан тазарту жұмыстарымен айналысып жүр. Егер жұмыс осы қарқынмен жалғасатын болса, жоспар белгіленген уақытта орындалмайды. Ал «Қаратал» шағынауданындағы ашық шомылу алаңындағы кемшіліктер де шаш-етектен. Ең қызығы, шомылу алаңына солтүстікте өсетін қылқанжапырақты ағаштар отырғызылып, облыс әкімі талап еткендей тұрғындар демалатын орындықтар әлі ауыстырылмаған. Сонымен қатар, бүгінгі таңда қауырт жүргізіліп жатқан қаланы газдандыру жұмысының да аяқ алысы баяу. Бас мердігер «Ақниет БН» ЖШС өкілдері жоспарды уақытында орындаймыз деп сенім білдіргенімен жұмыс қарқынының баяулығы басқа жоспарларға кері әсер еткелі тұр.

Қала іргесіндегі Еркін ауылының маңынан бой көтерген тәлімбақтағы тынымсыз тіршілік пен жанға жайлы жағдай облыс әкімінің көңілінен шықты. Қаланы көгалдандыруға керекті қылқан және кеңжапырақты өсімдік пен түрлі гүл өсіру мақсатында өткен жылы қолға алынған тәлімбақтың жұмысы қарқынды. Жалпы, 18 гектарға жуық аумаққа орналасқан тәлімбақта қайың, ұсақжапырақты жөке, үшкіржапырақты үйеңкі, көпжылдық шөп, арша, Тянь-Шань самырсыны сияқты түрлі ағаш мәуелеп өсіп келеді. Биыл тәлімбақта жерсіндірілген бес мың қылқанжапырақты ағаш қала көшелері мен көрнекті жерлерге егіліпті. Алдағы уақытта бұл көрсеткіштің арта түсетіні анық. Осындай жетістікті көрген өңір басшысы алдағы уақытта тәлімбақта жылыжай құрылысын жүргізіп, қаланы көркейтуге керекті гүлдің түр-түрін өсіруді тапсырды. Және мұнда жұмыс істейтін 20-ға жуық маманға шетелдегі көрікті қалалардың  тәжірибесін таныстырып, жұмыс ауқымын кеңейте беру керектігін табыстады.

Осы жерде Амандық Ғаббасұлы жұмыс сапарын қорытындылай келіп:

– Біз қандай жұмыс бастасақ та  қала тұрғындарының игілігі үшін қолға аламыз. Сондықтан бұл әркез назарда болады. Шаһар өзінің тазалығымен және жасыл желегімен ерекшеленеді. Сондықтан құрылысы жүріп жатқан барлық ғимараттың айналасы абаттандырылып, көгалдандырылуы тиіс. Жаңа отырғызылған көшеттерді күтіп-баптау ісін  мамандардың жүргізгені жөн. Құрылысқа сапалы бұйымдар пайдаланылып, оның ережелері мен нормалары қатаң сақталуы қажет, – деді.

Соңында орынбасарлары мен басқарма және қалалық әкімдік басшыларына осыдан былай әр сенбі сайын қаланы аралап, қалада атқарылып жатқан жұмыстың сапасы мен қарқынын қадағалап отыруды міндеттеді.