Алматы облысындағы Еңбекшіқазақ ауданына жыл басынан 31 500 турист келген

1820

Жетісу атырабы көз жауын алатын сұлулығы мен көк май­салы, сылдырай аққан өзен-кө­лімен көрікті. Осындай барша­ны тамсандырған саф ауасымен тыныстау, тамаша табиғатта еркін демалу арқылы адам ден­саулығы нығайып, күш-қайрат бітеді. Табиғат пен адам егіз дей­тініміздің түп-төркіні осы­дан. Табиғаттың әлеуметтік мә­се­лелермен қатар, экономикаға да қосары мол. Демек, туризмді дамытудың игілігі жетіп, арты­лады. Өркениетті мемлекеттер бұған әлдеқашан мән берген. Осы мәселе соңғы жылдары жан-жақты  қолға алына баста­ған­дықтан, барымызды жарқы­рата көрсетуге мүмкіндік туды. Жер жәннаты саналған өлкеміз ішкі және сыртқы туризмді өр­кендетуге қолайлы аймақтар қатарында болғандықтан, бұл бағытта ізгі ізденіс басым екендігі қуантады.

Өркендеудің осы қыры жолға қойылған Алматы облысының, Еңбекшіқазақ ауданы, туристтік инфроқұрылымды дамытуға ерекше көңіл бөлген. Жыл басынан 75 мыңнан астам турист келіп, сауықтыру қызметінің көлемі 63 млн. 200 мың теңгені құраған. Туристтердің аталмыш санын қызықтырған тарихи мекенді, БАҚ өкілдері ауданда өткен пресс-тур кезінде толығырақ танысып қайтты.

Аталмыш іс-шара, Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани Жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында, аудандық ішкі саясат басқармасымен «Елім Ай» қоғамдық бірлестігінің қолдауымен ұйымдастырылған.Ауданның ішкі саясат басқармасының басшысы Момынжан Исламовтың айтуынша пресс-турға ауданның киелі деп танылған жергілікті 18 туристтік бағыттың ішінен 4-уі таңдалған.

«Бәсекелестікке қабілеттілікті күшейту үшін, елімізде соңғы жылдары туристтік елді мекендердегі инфроқұрылымды дамытуға ереше көңіл бөлініп отыр. Облыс әкімі Амандық Баталов «Туриз – ол елдің экономикалық өсуінің қуатты баспалдағы. Дамудың осы қырын пайдалану үшін біз облысымызда туристтік бренті қалыптастыруымыз керек», деген еді. Бүгінде біз осы мақсатта, аймақтағы киелі жерлерді таныстыру үшін 4 обьектіні, яғни Есік көлі, Түрген орман шаруашылығындағы киелі бұлақ, «Рахат қала жұрты» және Есік обаларын аралатуды таңдап отырмыз», — деді ол.

Журналистердің алғаш рет табан тіреген нүктесі Есік көлі – Алматы қала­сының шығыс жағында 70 шақырым жерде теңіз дең­гейінен 1760 метр биіктікте орналасқан Тянь-Шань тау жүйесінің інжу-маржаны. Көл Іле Алатауын бойлай мәңгі мұз басқан шыңдарға дейін созылып жатқан өзі аттас Есік шатқалында ор­наласқан. Табиғи жолмен қалыптасқан бөгетке тау мұздықтары, қар, жауын-шашын сулары жина­лып, тау ара­сындағы әсем көлге айналған. Геологтардың пікірінше, ол осы­дан шамамен 8-10 мың жыл бұрын биіктігі 300 метрдей болатын табиғи тоған құрған үлкен тау тасқыны нәти­жесінде пайда болған. 1963 жыл­дың 7 шілдесінде мореналық Жарсай көлінің ағы­зылып кетуінен, сел мас­салары Іле Алатауы тауларын­дағы ең әдемі Есік көлін толы­ғымен бұзып жіберді. 1990 жыл­дардың ортасынан бөгет қайта тұрғызылып, көл жарты­лай қалпына кел­тірілді. Бөгетті бұзып кеткен су тасқынының іздері, әлі күнге дейін сақтал­ған. Бүгінде көл турис­тердің сүйікті мекеніне ай­налған.

-Бұл суға, осы таудан ары жатқан 5 көл құяды. Жылдың 4 мезгілінде түсін өзгертетін судың температурасы төмен. Өйткені, бөгетке тау мұздықтары, қар, жауын-шашын cулары толады. 1963 жылы көл жағалауында апат болған. Сол жылдың 7 шілдесінде күн қатты ыстық болса керек, тау басындағы мұздық еріп бірінші көлге құлаған, артынша су көтеріліп бір-біріне құйған. Апатқа дейін көлдің ұзындығы – 1850 метр болса, бүгінде 755 метрді құрайды. Дегенмен, көл болған апатқа қарамастан әсем, мөлдір, таза. Жыл санап келген шетелдік қонақтардың саны артуда. Олардың айтуынша Есік көлі екінші Швейцария»,- дейді Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, ақын Шаяхмет Құсайынұлы.

2018 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша көл жағасыны 13 500 турист келген. Бұл статистикалық мәлімет, Еңбекшіқазақ ауданына туристтердің келуі жыл сайын көбейіп келе жатқандығының бір себебі екенін көрсетеді.

Өзімен аттас өзені бар Түрген шатқалы – Іле Алатауының ең ұзын әрі кең шатқалы. Шатқал Іле Алатауының Басты жотасының теріскей бөктерлерінен басталады. Түрген шатқалымен оңтүстіктен Іле Алатауының Басты жотасы шектеседі. Аманжол өткелінен кейін Басты жота қатты еңістейді, оны Сарытау деп атайды. Батыстан Есік сілемі Түрген мен Есікті бөліп жатыр. Түрген шатқалының солтүстік-шығыс шекарасы Сарытау жотасынан басталып, шатқалды Асы үстірті  нен бөліп жатқан қырқаларға ұласады. Қырқалар Қараш жотасынан солтүстікке қарай, жотаның оңтүстік-батыс және батыс бөктерлерін бойлай Іле аңғарына дейін созылады. Шатқалдың Теріскенсу өзенінен бастап Батан шатқалына дейінгі бөлігі тар әрі терең, оның тереңдігі кейбір жерлерінде бір жарым километрге жетеді. ЮНЕСКО мен мемлекет қамқорлығына алынған бұл жерде «киелі» деп танылатын бұлақ орналасқан.

Іс-шара ұйымдастырушысы, «Елім-ай» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Жаңаберген Мұхамедов түрген шатқалының киелі бұлағы жайлы қызықты мәліметпен бөлісті.

«Қыз жылаған» деп аталып кеткен жердің аңызы мынадай. Ерте заманда екі ғашық болған. Екеуі қосыла алмай құса болса керек. Қара ниеттілерден қашқан олар, осы жерді паналаған. Түн ортасында, ту сыртынан шабуылдаған жаулар жігітті мерт қылған. Сондан бері солай аталып кеткен», — дейді.

Тау тастық арасынан бар миниралды байлықты бойына жинап төгілетін бұлақ суы емдік қасиетке бай. Киелі судан дәм тату үшін, жер-жерге арнайы ат басын бұрып келетіндер баршылық. Тауы шыршамен жамылған бұлаққа жыл басынан 31 500 турист келген.

БАҚ өкілдерінің келесі танысқан нысандарының бірі – «Рахат» қала жұрты. Ол Есік қо­рымдарының оңтүстіктігіне қарай 3 шақырым қашықтықта, Есік-Талғар тас жолының бойын­да орналасқан. Қала жұрты тау бөк­терінде шығыстан батысқа бойлай созылып жатқан үш бірдей қамал кешенінен тұрады. Қамалдардың өлшемдері әртүрлі болғанымен, жасалу құрылымдары бірдей. Цитаделі ақ орда ортасында орналасып, оны айнала қамал қабырғалары тұрғызылған. Рахат қалашығы – сақ патшаларының қонысы болған және осы жерден «Алтын адамның» сүйегін шығарған деген болжам бар. Қалашық орнына жүргізілген зерттеулер жайында «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің ғалым-хатшысы Досым Зікірия  өз пікірімен бөлісті.

«2015 жылдың қазан айында «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі мен Шанси облыстық археологиялық мәдениет басқармасы арасында алғашқы «Рахат қала жұртын» зеттеу туралы келісімге қол қойылды. 2017  жылы басталған зерттеу нәтижесніде біршама тирихи қазынаға тап болды. Оның бірі түркі дәуірінің жерлеу орындарынан табылған 15 адам және 2 жылқы¬ның қаңқа сүйегі. Қазбаның тереңдігі 70 сан¬тиметр жерге жеткенде, ортағасырлық тұрғындардың үй-жайы табылды. Әрі қарай қазбаның орта тұсына таман, су ағызатын ескі арық орны көрінді. Осы арықтан қала тұрғындары тау суымен суланған болса керек. Қала орнын толықтай зерттеу әрі бірнеше жылдарды талап етеді»,- дейді ол.

Айта кетсек, 1970-ші жылдың басында осы жазықтан, сақтар тайпасының жас көсемі Алтын адам табылған. Кеңес үкіметі кезінде кездейсоқ қазылған оба ішінен шашылған алтын, сақ мәдениетін ХХ- шы ғасырға бірақ көтерген.

Еңбекшіқазақ ауданының ұйымдастырылуымен өткізілген пресс-турдың соңғы нүктесі «Есік қорымы» болды. Сақтардың жас көсемі табылған жер бүгінде мемлекен қорғауында. Яғни «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің қорғау аймағы 422,7 шақырым белгіленген. Онда 80-н астам қорғандар мен «Рахат» және «Өрікті» сынды ежелгі сақ қала-жұрттары кіреді. Музейдің негізгі қызметі – тарихи-мәдени мұра нысандарын қорғау, Қазақстанның тарихи және рухани ескерткіштерін зерттеу оны жалпы халыққа насихаттау және туристік қызметтерді ұйымдастыру болып табылады.

Сонымен қатар, 2019 жылы мүзей, Оңтүстік Корея немесе Қытай халық республикасымен бірігіп, бір обаны ашып мүзейлендіруді жоспарлап отыр.

Елбасының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты соңғы жолдауында, ішкі туризмді дамытуға ерекше назар аудару керектігін атап көрсетті. Осы тапсырма аясында Алматы облысының, Еңбекшіқазақ ауданы аймақтағы туризмді дамыту жолында белсенді жұмыстар атқарып жатқандығын көрсетті.

Алматы облысының ғажайып табиғаты кімді болсын таңқалдырмай қоймасы анық. Саяхатшы бұл мекенді аралар болса, қарлы тау шыңына көтеріліп, өткелдерден, қылқан жапырақты ормандардан өтіп, ұшы-қиыры жоқ кең даланың барқандары мен құмында, ежелгі тораңғы шоғының күрделі иірімінің арасында тұрып, осындай толассыз байлықты құшағына сыйдырған жақұт мекенге  сан мәрте тағзым ететіні рас…

Бөлісу:
Алдыңғы мақалаБала Жайдарман биылғы маусымды 11 қараша қорытындылайды
Келесі мақаладаТалдықорғанда «Шоқжұлдыз ізімен» атты тарихи-танымдық экспедиция сапарға аттанды