Еуропалық Одақ және Орталық Азия университеті ректорлары арасында халықаралық форум Талдықорғанда өтеді

1954

Ағымдағы жылдың 8-9 қараша күндері І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінде «Болашақтың университеті: цифрландыру және академиялық дәстүрлер» атты форум өткізілетіні жайлы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз – мәслихатында белгілі болды.

Форумның негізгі мақсаты Еуропалық Одақ пен Орталық Азия мемлекеттерінің жоғары оқу орындарының дамуындағы озық тәжірибелерді тарату, білім беру үрдісін сандық жүйеге көшіру бойынша тәжірибе алмасу. Халықаралық байланысты нығайту, бірлескен білім бағдарламаларын құру, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу. Оған Эстония, Таллин университетінің ректоры Тиит Ланд, Паллас қолданбалы ғылымдар университетінің ректоры Валерий Нуст, Латвия мемлекетінің Даугавпилс университетінің ректоры Ирэна Кокина және тағы да басқа жоғары оқу орындарының ректорларымен халықаралық университетінің проректоры  арнайы шақыртылған.

Еуропа Одағы және Орта Азия мемлекеттерінің арасындағы білім саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуді мақсат тұтқан жиында білім беру саласындағы ынтымақтастық, халықаралық аккредиттеу, жоғары білім берудің даму ерекешеліктері  кеңінен сөз болады.

І.Жансүгіров атындағы ЖМУ-дың инновациялық жұмыс және стратегиялық даму жөніндегі проректоры Пеэтер Ярвелайдтың айтуынша аталмыш іс-шара Қазақстан университеттері үшін өркендеудің жаңа сатысына аяқ басу үшін жасалынып жатқан жұмыс.

«Өткізілгелі отырған халықаралық ректорлар  форумы, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтің халыққа жасаған соңғы жолдауы аясында ұйымдастырылып отыр. Бұл форум қазақстандағы барлық ЖОО-на беріліп отырған үлкен мүмкіндік. Себебі, онда білім беру жүйесі жоғарғы деңгейде дамыған университет мамандары қатысып, тиімді тәжірибелерімен бөлісетін болады. Мен де дәл осындай мақсатта жарты жыл бұрын Эстония мемелекетінен Талдықорғанға  келдім. Бүгінде, бұл оқу орынының маған бергенімен алғаны тең дегім келеді», – деді ол.

Жиында Еуропалық университеттердің сандық жүйеге көшуімен интернационалануы, ғылым саласындағы жаппай байланыс жүйелерінің жаңа реформалары және  халықаралық ынтымақтастықты дамытудың жаңа жолдары талқыланып, баяндамалар оқылады.

Айта кету керек, екі күнге жалғасатын шара соңында І.Жансүгіров атындағы ЖМУ мен келген 9 университет арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою жоспарланып отыр.