Алматы облысындағы сақ қорғандары мен Пирамидалар арасында ұқсастық табылды

1530

Алматы облысы Боралдай жерінде орналасқан ескі сақ қорымдары ерте темір дәуірінен қалған жалғыз ескерткіш. Тарихи орын тек қазақстандықтардың ғана емес, шетелдік туристердің де қызығушылығын тудырып отыр.

«Боралдай қорымдары — бұл аса маңызды тарихи ескерткіш. Ол туралы осы уақытқа дейін ешкім білмеді. Біздің орталық осындай киелі жерлерді, тарихи орындарды насихаттап, туристерді тартумен айналысып келеді. Қазір маркетологтар киелі орындардың танымалдылығын арттыру жұмыстарын жүргізіп жатыр», — деді Туристік ақпарат орталығының директоры Әсел Нүркебаева.

Қазіргі таңда қорғандарды қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде.

Мамандардың пайымынша, сақ қорғандары Пирамидалар алқабының аналогына айнала алады. Археолог мамандар аталған тарихи ескерткішті ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізу үшін барын салуда.

Сақ қорғандарын қайта қалпына келтіру Оңтүстік Кореядағы Tumuli Park (қорымдар паркі) концепциясы бойынша жүзеге асады.

«Айта кету керек, қорғандардың құрылысы күрделі және Мысырдағы пирамидалардың тұрғызылуымен ұқсас. Біріншіден, терең ор қазылған. Қорғанның кеңдігі адамның мәртебесіне байланысты болған. Алдымен ағаш төселіп, кейін адамның мүрдесі қойылған. Топырақ салынған соң 7, 40, 100 күн өткенде тағы да топырақ қабаты төселеді. 1 жылдан соң мүлде таспен бекіткен. Сондықтан, олар осы уақытқа дейін сақталған», — деді Ғылыми эксперименталды археология орталығының директоры Руслан Шербаев.

Біздің дәуірімізге дейінгі VIII-III  ғасырларға жататын Сақ қорымында 47 қорған бар. Оның 20-сы ірі қорымдарға жатады. Мұнда сақ пен үйсін тайпасының ақсүйектері жерленген. Диаметрі 80-159 м болатын, ал биіктігі 10-14 метр болатын қорғандарда ақсүйектер тұқымы түгел жерленетін болған.

Жақын арада сақ қорғандарында аспан астындағы музей ашылады.

Айта кету керек, ғалымдар Боралдайда археологиялық қазба жұмыстарын жүргізіп жатқан жоқ. Парктің жартысы геомагниттік сканерлеу арқылы зерттелді. Бұл тәсіл арқылы топырақ астындағы заттарды анық көруге болады. 2015 жылғы зерттеулер барысында мұнда зираттардан бөлек, ескі қалалардың орны да табылған.

Археологтардың айтуынша, таспен қоршалған сақ қорымдары ескілікте ғибадатхана қызметін атқарған.

Осыған ұқсас дүниелерді Англиядағы Стоухенджден көруге болады. Қорғандардың орналасуы жағынан екі мәдениет бірі-біріне ұқсайды.

«Қорғандардың құрылысы жұлдыздармен байланысты. «Медеу» мұз айдыны маңында қазба жұмыстары кезінде сақ ғибадатханасы табылған. Сол жерде бұғыны жеп жатқан екі қасқыр мен екі қарғаның бейнесі табылды. Ғылыми ізденістердің нәтижесінде сол заманда осындай шоқжұлдыздар болғаны белгілі болды», — деді Ғылыми эксперименталды археология орталығының директоры Руслан Щербаев.

Кеңес дәуірінде қабірлердің солтүстік жағы кірпіш зауыты құрылысы кезінде біраз қираған.1960 жылға дейін алматылықтар сақ қорғандары туралы білмеген. 70- жылдары бұл жерге егін салынды.

2006 жылы қала билігі сақ қорғандарын Алматы қаласы тарихы музейіне беріп, күзет қойды.Киелі орындарды тазалауға қазір қала тұрғындарының да ынтасы артып барады. Тұрғындар мұнда жиі сенбілік өткізіп тұрады.

Бөлісу:
Алдыңғы мақалаАлматы облысында бал өндірісі қолға алынды
Келесі мақаладаТалдықорғанда жаңа балабақша ашылды