«ЭКСПО-2017» көрмесі аясында өтетін Алматының мәдени күндері

1400

Астанада «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі аясында өтетін Алматы қаласының мәдени күндері салтанатты түрде ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Әлем бас қосқан айтулы шара аясында өтетін бұл апталықта 400-ден астам алматылық әртістер Астана тұрғындары мен қонақтарына өз өнерлерін паш етеді. Мәдени апталық «Қазақстан» Орталық концерт залында «Махабатпен, Алматыдан!» атты отандық эстрада жұлдыздарының концертімен ашылды.  Онда Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек жүрекжарды лебізін білдіріп, Астана мен Алматының егіз ұғымға айналғанын атап өтті.

Концерттік бағдарлама «Дос-Мұқасан» ансамблінің ретро әндерімен басталды. Олардың орындауындағы «Алматы түнін» көрермендер қосыла шырқады.  Одан бөлек, Роза Рымбаева, Қайрат Нұртас, Мәдина Арапбаева, Мәдина Сәдуақасова, «Жігіттер» тобы, Айқын сынды қазақ эстрадасының жарқын жұлдыздары және «Бала дауысы» балалар байқауының жеңімпаздары өнер көрсетті.

Айта кетейік, 11-19 маусым аралығында Астанада «ЭКСПО-2017» аясындағы Алматының Мәдени күндері өтеді.  12-16 маусым күндері Қ. Қуанышбаев атындағы музыкалық-драма театрында Алматының мемлекеттік қуыршақ театры «Құлыншақ пен Бөлтірік»,«Веселые медвежата» атты үздік спектакльдерін ұсынады. 16-17 маусымда «Жастар» театрында «Алатау» дәстүрлі өнер театрының «Асқақтай бер, қазақтың сазды әуені» атты музыкалық кеші өтеді.11-19 маусым күндері «Этно-ауыл Алматы» көрмесі өтеді, онда үздік суретшілер мен қолөнершілер өз туындыларын ұсынып, шеберлік сыныптарын өткізеді. 17 маусым күні «Сазген сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамблі концерттік бағдарлама ұсынады.

18 маусымда «ЭКСПО — 2017» көрмесінің амфитеатрында мәдени күндердің «Асқар таулы Алматы!» атты қорытынды концерті өтеді. Келушілер қазақтың ұлттық ән-күй өнерінің тарландары  Асылбек Еңсепов, Ерболат Шалдыбеков, Рамазан Стамғазиев, Бейбіт Мұсаев, Еділ Құсайынов, Ғазиза Габдахимова, Шолпан Даржанова, Сәуле Жұмабай, Азамат Асқаров,  «Ұлытау», «Арт Дала», «Алашұлы» топтары,  «Жетіген», «Сазген сазы», «Салтанат» ансамбльдері, Н. Әшіровтің домбырашылары, «Арлан» театры өнерпаздарының өнерін тамашалай алады.

Бөлісу:
Алдыңғы мақалаЖаңа жобалармен жанданған Алматы облысы
Келесі мақаладаАлматы облысы Татарстанмен байланысын нығайтады