ЭКСПО аясында Астанада Алматы облысының мәдениет күндері өтеді

1260

«ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі аясында Елордада Алматы облысының мәдениет күндері өтеді. Көрме қонақтары мен қала тұрғындары 11-15 шілде аралығында Жетісудан келген өнерпаздардың өнерін тамашалай алады.

Шараның салтанатты ашылу рәсімі 11 шілдеде Қазақстан орталық концерттік залында шымылдығын түреді. Бұл күні Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармониясы мен «Құлансаз» фальклорлық-этнографиялық ансамблінің қатысуымен ауқымды концерт болады. Аталған ұжым 12 шілдеде Жастар сарайында «Жетісу — ән-жырдың ордасы» атты дәстүрлі әндер концертін, 13 шілде кешкі сағат 18:00-де Жастар сарайында «Талды арулар» — Алтынай мемлекеттік халық би ансамблінің концертін, 14 шілде кешкі сағат 18:00-де этноауылда «Ауылың сенің іргелі» атты театрландырылған көрінісі мен дәстүрлі концертін халық назарына ұсынады. Ал 15-шілдеде ЭКСПО алаңындағы Амфитеатрда «Жерұйық — жасыл бауларым»  атты концерт ұйымдастырылып, Астанадағы  Алматы облысының мәдениет күндері өз мәресіне жетеді.

«ЭКСПО-2017» көрмесінің келушілеріне Б.Римова атындағы драма театрының да базарлығы бар. Мәдениет күндері аясында ұжым өз  репертуарын тамашалауға шақырады. 11 шілде сағат 12:00-де  «Қуыршақ» театры сахнасында «Құстар фестивалі» ертегісі сахналанады. Астаналықтар мен қала қонақтары 11-13 шілде күндері сағат 18:30-да «Жастар» театрының сахнасында облыстық театрдың тырнақалды қойылымдарының бір парасы «Ромео мен Джульетта» трагедиясын, «Ең жақсы еркек» комедиясын, «Ілияс» деректі драмасын тамашалай алады.

Ал, 2017 жылдың 7 шілде мен 7 тамыз аралығында, Астана қаласы Ұлттық-әскери музейінде М.Тынышпаев атындағы Алматы облыстық тарихи-өлкетану музейінің «Тарих беттерінен» көрмесі өтеді! Көрмеге Алматы облысынынан арнайы әкелінген тарихи ерекше экспонаттар қойылады. Келушілер ғалым-саяхатшы Шоқан Шыңғысұлы Уәлихановтың қолданған  заттарымен осы көрме арқылы таныса алады.

Дәл осы ҚР Қарулы күштерінің ұлттық әскери-тарихи  музейінде «Ата-баба аңсаған мәңгілік ел» атты көркемсурет көрмесі де өтеді. Ұйымдастырушы — Алматы облыстық «Көркемөнер» галереясы» Көрмеге галереяның негізгі қорындағы бұған дейін көркемөнертанушылардың жоғары бағасын алған жергілікті суретшілердің туындылары қойылады. Көрмені 7-15 шілде аралығында тамашалауға болады.

Сондай-ақ, Алматы облыстық «Ұста Дәркембай» атындағы қолөнер музейінің тартуы ерекше. 11-20 шілде аралығында  «Шығыс базары»  Этноауылында  көрме өткізеді.  Қолөнер шеберлерінің металдан, теріден, ағаштан жасалған бұйымдары қонақтардың назарына ұсынылады.  Қолөнер музейі қызметкерлері зергерлік пен қыш өнерінің қыр-сырына қанық болып,  киіз басу,  тоқыма өнерлерінен шеберлік кластарын  көруге шақырады.

Барлық құқықтар қорғалған. inform.kz белсенді сілтемені пайдаланыңыз http://www.inform.kz/kz/ekspo-ayasynda-astanada-almaty-oblysynyn-madeniet-kunderi-otedi_a3036586

Бөлісу:
Алдыңғы мақала«Алтын белгі» иегерлеріне арналған салтанатты кеш
Келесі мақалада1 млн. теңге материалдық көмек көрсетіледі