Ұлы дала скауттары. Фоторепортаж

2353

Садақ ату, қылышпен айқасу, атқа ертоқымсыз міну – заманауи балалардың біле бермейтін дүниесіне айналған. Мұның бәріне бес жастан он жеті жасқа дейінгі балаларға «Ұлы дала мұрасы» IV Ұлттық Джамбори лагерінде үйретті. Одан өзге балақайлар экстремалды тосқауылдардан ɵтуді, құзға өрмелеуді, алғашқы медициналық көмек көрсетуді, орманды жерде аман қалу амалдарын меңгерді.

Скауттар жиыны халықаралық деңгейде төрт жылда бір өтеді. Биыл Қазақстанда ұйымдастырылған Джамбориге еліміздің барлық облыстарынан және Ұлыбритания, Гонконг, Тайвань, Франция, Тунис, Оман  мемлекеттерінен скауттар келді. Қатысушылардың жалпы саны 350-ден асады. Олардың ең кішкентайы жетіде болса, ең  үлкені – жетпіс жасар Гонконг азаматы.

«Бұл менің Қазақстанға алғаш рет келуім. Табиғаты өзгеше екен.  Джамбори керемет ұйымдастырылған. Алғаш рет жылқының сүтін ішіп көрдім. Дәмі қызық екен. Бауырсақ пісіру барысын тамашалап, дәмін таттым», – деп алған әсерімен британдық қонақ Адам Сэйвори бөлісті.

Ақмола облысында табиғат аясында киіз үйлер мен шатырлар құрылған лагерьде су, жарық, интернет жоқ. Скаутингтің бар қызығы да осында. Барлаушылар қаланың қарбаласынан демалып, өркенниеттің игіліктерінсіз белсенді уақыт өткізеді.

«Ұлы дала мұрасы» лагерінің бағдарламасы ұлттық, спорттық ойындардың түр-түрін де қамтиды. Балалалар қаппен ұру, арқан тарту, қолкүрес, арқанға өрмелеу бойынша жарысты.

«Ұлы дала скауттары» ұйымының басты мақсаты – жастарға өмір сүруге қажетті біліктіліктерді, көшбасшылық қабілеттерді үйрету, дені сау, белсенді ұрпақ тәрбиелеу.

«Қазақстандық скауттық ұйым 1992 жылы құрылды. Дүниежүзілік скауттар қозғалысының ұйымына 2018 жылы ресми түрде кірдік. Бүгінде бұл ұйымға 170 мемлекетет мүше. Елімізде жалпы саны екі мыңнан астам скаут бар. Алдағы уақытта олардың санын отыз мыңға дейін арттыруды мақсат етіп отырмыз», – деді «Ұлы дала скауттары» қоғамдық ұйымының бас хатшысы Ильдар Катенов.

Бұл шара еліміздегі Жастар жылы аясында Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылды.