ТЖ кезінде зардап шеккен дәрігерлерге 2 миллион теңге беріледі

301

Алматыда тәртіпсіздік кезінде зардап шеккен дәрігерлерге, полиция қызметкерлеріне және өрт сөндірушілерге 2 миллион теңгеге дейін қаражат беріледі, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі. Бұл туралы қала әкімі Бақытжан Сағынтаев мәлімдеді.

«Осы қиын күндерде қоғам зардап шеккендерге өтемақы төленетініне және қолдау көрсетілетініне сенімді болуы керек. Жарақат алған құқық қорғау органдары мен медицина қызметкерлеріне, өртсөндірушілерге өтемақы төленеді», – деді мегаполис басшысы.

Оның айтуынша, ауыр жарақат алғандар екі миллион теңге, орташа жарақат алғандар – бір миллион, жеңіл жарақат алғандар – бес жүз мың теңге алады.

«Сондай-ақ, ТЖ кезінде жұмыс істеген құқық қорғау органдары қызметкерлеріне, медицина қызметкерлеріне материалдық көмек көрсетіледі», – деп толықтырды Сағынтаев.