Жалын сыйлаған «Жас кәсіпкер»

Бүгінгі жастардың білімге, дамуға ұмтылысы ерекше. Оған орта мен заман ағымы әсер ететін болса керек. Жеке кәсібін ашып, оны әрмен қарай дөңгелетуге ниеттілер саны көп. Осыны ескере келе, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы жастарға арналған арнайы жобаларды қолға алды. Соның бірі – 22 шілдеде басталған «Жас кәсіпкер» жобасы. Жыл аяқталғанша жалғасатын бастама көпшіліктің жанарын жаулап үлгерді.

1391

«Жас кәсіпкер» – «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының бір бөлігі. Соның аясында жастарды кәсіпкерлікке баулуды мақсат етеді. Бағдарламаны бағыты жетерлік. Әсіресе, жастар жылы шеңберінде қолға алынып жатқандары қаншама. «Жобамыздың мақсатты аудиториясы – 18 бен 29 жас аралығындағы NEET категориясына кіретін жастар. Олардың ішінде жас кәсіпкерлер, мектеп, колледж және жоғары оқу орындарының түлектері, фрилансерлер, жас отбасы мүшелері, көпбалалы отбасылардан шыққандар бар.

Міне, осы жандарға қолдау білдіру мақсатында мемлекет жастарды бизнеске бастап, кәсіпкерліктің қыр-сырын таныстырып жатыр. Бұл жоба «Бастаудың» жалғасы екенін атап өткім келіп отыр. Мысалы, Алматы қаласында желтоқсанға дейін 3200 жасты «Жас кәсіпкер», 6400 жасты «Бастау» жобалары аясында оқытуды жоспарда бар» дейді жобаның Алматы қаласы бойынша жетекшісі Қуанышбек Ерниязов.

Осы жылдың «Жастар жылы» деп бекітілгені баршаға белгілі. Сондықтан биыл жастарға барынша қолдау білдіріліп келеді. Сол мүмкіндікті мүлт жібермегендері жетістіктің кілтін тауып та үлгерді. Мәселен, «Жас кәсіпкердің» тегін іске асырылуының өзі – үлкен көмек. Ұйымдастырушылар үздік спикерлерді шақырып, олардың бизнес-тренингтерінің барынша тиімді өткенін қадағалайды. Енді аталған жобаның іске асу барысына тоқталсақ.

Оқу бағдарламасы он модуль бойынша іске асады. Әр дүйсенбі мен жұма аралығында жалпы ұзақтығы 21 күнде білім алып шығасыз. Осы уақыт ішінде сізге тәжірибелі кәсіпкерлер сабақ береді. Тағы бір айта кететін тұсы, мықты психологтардың да көмегі көрсетіледі. Ол қатысушылардың болашақта бизнеске қатысты қандай да бір кедергілерді оңтайлу шешуіне септігін тигізеді. Осылайша бағдарлама бойынша курс соңында әр тыңдаушы бизнес-жоспарын әзірлейді. Соның аясында қайтарымсыз грант ұтып алуға мүмкіндік беріледі.

Грант көлемі – 505 мың теңге. Одан бөлек, «Еңбек»мемлекеттік бағдарламасының шеңберінде жеңілдетілген несие де ала алады. Оның көлемі болса, 20 миллион 200 мың теңгеге дейін. Қатысушыларға 19 753 теңге шәкіртақы тағайындалған.

«Жас кәсіпкер» бағдарламасы туралы ақпаратты алғаш instagram желісінен көрдім. Кейін барып, қатысуға бел будым. Өзім – декреттегі анамын. Баламен үйде отырғандықтан, қосымша табыс тапқым келді. Мендегі мақсат жаңа білім алып, оны өз пайдама жарату болатын. Яғни Грантын ұту үшін ғана қатысу туралы ойламадым. Бизнес жайлы білім көкжиегін кеңейткім келді.

Басында балаларға арналған шағын орталық ашқым келетін. Бірақ кейін бизнес-тренеріммен ақылдаса келе басқа салаға ауыстық. Бір жақсысы, тренер мүмкіндігің мен қабілетіңді байқап, бағыт береді. Өз басым жазу-сызуға жақын болған соң, SMM және копирайтинг агенттігінің бизнес-жоспарын жасайтын болдық. Әрі шағын орталық ашудың машақаты да көп екен. Ғимаратын табу, оны барлық талаптарға сай қылу да оңай емес. Сол себепті тренерімнің тілін алып, агенттік ашуға бел будым.

Курс барысында ораторлар келіп сабақ берді. Сонымен бірге мемлекет тарапынан көрсетілетін көмек түрлерімен де таныстық. Негізі мен таңдаған кәсіп бойынша бизнес бастап, оны жүргізіп жатқан адамдарға шетелден тренер әкеліп, сабақ өткізу сынды шараларға да мемлекеттің көмегі тиеді екен. Сол сияқты цехі барларға шетелден озық технологияларды енгізуге де мүмкіндік бар. Немесе білімімді кеңейтемін дегендер үшін де шетелге барып оқып келуге көмек көрсетіледі. Яғни сол жақтан оқып келген соң, қызметкерлерге білімімді бөлісемін деген ниетіңізді жеткізесіз.

Одан бөлек, қалалық деңгейде 3 миллион теңгеге дейін инновациялық жобаларға грант бөлінеді екен. Міне, осы сынды жаңа мәліметтерге қанық болдық. Бұрын мұның бірін білсек, бірінен бейхабар едік. Салық жайлы да сауатымыз ашылып қалды. Бізбен бірге қатысқандардың дені аспаздыққа қызығады екен. Бірақ тренер әрқайсымен жеке тілдесе келе, қабілетін-қарымына қарай түрлі бағыт ұсынды.

Оқу кезінде маркетинг анализ жасауды үйрендік. Арбат жаққа барып, жобамыз жайлы сауалнама жүргіздік. Ол болса, клиенттерді, мақсатты аудиторияны зерттеуге септігін тигізді. Курстан алған біліміміз көңілден шықты» дейді Алматы қаласының тұрғыны Камила Дүйсен.

Жастар демекші, кәсіпкерлікке баулуды сонау мектеп кезінен бастағанның орасан пайдасы бар. Өйткені бизнестің қыр-сырымен ертерек танысқан жағдайда, болашақтағы кәсібің жайлы да кеңірек ойлануға мүмкіндік беріледі. «Атамекен» мектеп бағдарламасына үлкен сыныптарға арнап кәсіпкерлік сабағын жүргізуді бастап кетті. Осылайша биылдан бастап «Кәсіпкерлік негіздері» атты жаңа пән қосылды. Ал жоғары оқу орындары студенттеріне «Бизнес-ориентация» бағдарламасы жасақталған. Бұл дегеніміз, көңілі қалаған іспен шұғылданғысы келгендерге таптырмас мүмкіндік болып отыр.

Соңғы екі жылда «Атамекен» «Бастау» бағдарламасын қолға алғанын жоғарыда атап өттік. Нәтижесінде Қазақстанның 43 мыңнан астам тұрғыны бизнес негіздерін ұғынды. Түсінік қалыптастырып қана қоймай, жаңа 11 мың жоба дүниеге келіп, 16 мың жұмыс орны ашылды.  Айталық, мектеп бітіргенімен, әрмен қарай оқуға түсуге шамасы келмегендер бар. Соларға бағыт беру үшін қолға алынған осындай бастама жемісін бергенін көз көріп отыр. Сондықтан осындай жобалардың ғұмыры ұзақ, өміршең болғанын көпшілік қалайды.

Айша ЕРСҰЛТАН