Сесилия Ахерннің «Іf you could see me now» кітабы туралы

2562

  Егер сіз мені қазір көрсеңіз…

Кітаптары 50-ге жуық тілге аударылған ирландиялық танымал жазушы Сесилия Ахерннің «Іf you could see me now» романы – көп оқырманның ыстық ықыласына бөленген туынды. Автордың алғашқы «P.S. I love you» атты шығармасы 21 жасында жазылған. Әлемдік деңгейде бірнеше марапаттың биігінен көрінген оның кітаптары Москваның «Иностранка» баспасынан орыс тілінде аударылып басылып келеді.

Сесилияның 2005 жылы жазылған бұл туындысы аталмыш баспадан М.Бабичеваның аудармасымен «Посмотри на меня» деген атаумен 2008 жылы жарық көрді. «Cosmopolitan U.S.» журналының жүлдесін алып, кейіннен халыққаралық бестселлерге айналған кітап оқырмандар қауымына өз тілдерінде жол тартты. Романның жазылу стилінде фантастикалық жанрдың белгілерімен қатар шынайы өмір шындығы да астасып жатады.

Кітаптың алғашқы бетін ашқаннан-ақ қиял ғажайып оқиғаларға тап боласың. Сонан кейін әдемі пейзаж бен кейіпкерлер портреттерінің суретшісіне айналасың. Романның кіріспе бөлімі Бале-на-Гриде көшесін бойлап келе жатқан жұмбақ кейіпкердің монологынан бастау алады. Оның алты жасар Люкпен алғашқы таныстығын әпкелі-сіңілілердің арасындағы жанжал бұзады. Сол күні Люктің үйінде қонақ болған жұмбақ адамды бас кейіпкер Элизабет мүлде көрмейді. Ең қызық жері осы тұстан басталатын шығарма ары қарай шытырман оқиғалармен өріліп кете береді.

Романның бас кейіпкері Элизабет Эган– қызықсыз өткен балалық шағы мен баянсыз аяқталған махаббатынан кейін өзін арман мен қиял атты ғажайыптардан алыс ұстап, әр уақытын минутына дейін санап жүретін жұмысбасты жас дизайнер. Кәрі әкесі мен баласы бар жалғызбасты сіңілісі Сиршаға қамқор болып, жұмысын үнемі тиянақты орындап жүретін Элизабеттің өмірінде кенеттен бір таңғажайып оқиғалар орын алады. Оның күнделікті қатып қалған қағидаларын әлдекім жайлап өзгертіп, әлдеқашан махаббаттан жырақтап қалған жүрегін жылыта бастайды. Жалғыздыққа әбден үйреніп алған қыздың көңілі алабұртып шыға келеді. Жұмысында да, үйінде де, тіпті көшеде жүрген шағында да Элизабеттің жанынан табылып, оған ерекше ықылас танытатын жұмбақ адамды ол сезсе де, мүлде көре алмайды. Бірде Элизабетке оның алтыжасар бауыры Люк қасына ертіп келген досының суретін салып береді. Ақ қағазда көк түсті джинси мен көк жейде киген ұзын бойлы жігіттің бейнесі тұрады. Бір қызығы, сол кезде үйде Элизабет пен Люктен басқа ешкім жоқ еді. Бестселлердің шиеленісі осы жерден басталып кетеді.

Сондай-ақ, романда жалпы қоғамға ортақ әлеуметтік мәселелер қозғалады. Баласын қараусыз қалдыратын ана, әйелінен көңілі қалып, қыздарына жылуын сыйлай алмаған әке, жеңіл мінезді анасының өмірін қайталап, аяғы ауырлап қалған жас қыз, кішкене сіңлісіне қарайлап, өз бақытынан бас тартқан әпке, анасының махаббатын сезіне алмай томаға тұйық болып өскен балақай–осындай отбасы институтындағы түйткілді мәселелерді шығармасына арқау еткен автор оқырманын өзінің шынайылығымен баурап алады.

Бестселлердің бір ерекшелігі, қарапайым өмір құбылыстарын өзгеше бір дүниенің кейіпкерлері арқылы ашып береді. Онда жалпы адамзатқа деген сүйіспеншілік, махаббатқа деген адалдық тәрізді қасиеттер асқан шеберлікпен баяндалады. Сонымен қатар, автор бала психологиясымен қатар әйелдің жан дүиесінің толқынысын керемет аша білген. Шығарма барысында көрініс беретін ғашықтардың арасындағы сезімдердің нәзік иірімдері мен махаббаттың таңғажайып құдіреті оқырманды бей-жай қалдырмайтыны анық. Автор қазіргі заманауи сөздер мен терминдерді қолдану арқылы оқырманды оқиғалардың қызық-шыжығына бірге малтып,көріністердің ортасында бірге жүргендей әсер алуға мүмкіндік жасаған.Бестселлерде баяндаудан көрі диалог басым болғандықтан, кітаптың бір-екі бетін парақтап болып, жаба салу мүмкін емес. Романның басында танысқан өзіне жасап алған шеңбердің ішінде ғана жүретін, өз өмір арнасын мүлде сүреңсіз бояулармен сырлап алған Элизабетпен бірге ең соңында өзіңіз де қалай өзгеріп кеткеніңізді білмей де қаласыз. Сөйтесіз де, жан-жағыңызға барлай қарап, әлдекімді іздей бастайсыз.

Түйіп айтқанда, «Посмотри на меня»–адамдар қарым-қатынасының шынайы көрінісін, әр түрлі тағдыр иелерінің бет-бейнесін анық суреттеп, содан өз қорытындыңды жасауға көмектесетін туынды. Құрметті оқырман, сізде де жақсы көретін, сіздің армандарыңызға қол жеткізуге мүмкіндік беретін жұмбақ адам бар, ЕГЕР СІЗ ОНЫ ҚАЗІР КӨРСЕҢІЗ… 

Әсем ҚҰЛМАНОВА